Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  123


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АҚЫН ДЕГЕН БІР ҰЛТ БАР

Есенғали Раушановқа
Азап шекті-ау
Ақын деген бір ұлт-ай,
Аттан салып,
Ашайықшы құрылтай.
Басында жүр бозторғайлар баз кешіп,
Тұсында отыр темір тұяқ тұрымтай.
Тайталасып
Тағдыр деген тақсырмен,
Тартысам деп
Тарих деген тәпсірмен,
Жүрсіңдер ме жазаланып жазықсыз,
Бәрін жеңіп,
Жеңіліп тек нәпсіңнен...
Аттанғанды
Ақын деген бұл елден
Ажалменен арпалысқа жіберген.
Құс қанатты Парнас таудың Пырағын
Байлаған кім жер бетіне шідермен?
Адамзаттың арман-сөзін жаздым дер,
Ақын ұлты!
Азаптан бір жазғын бел.
Қайдасыңдар,
Абайлар мен Хайямдар,
Үн қатыңдар,
Махамбет пен Мәжнүндер!
Ақын ұлты!
Алу үшін дербестік,
Тартыспасақ тағдыр бізге бермес түк.
Қай патшадан,
Қай тәңірден қорқамыз,
Жаратқан соң данышпан һәм жарымес қып!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу