Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  151


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҮШ АПЕЛЬСИН

Бір соқыр айтқан екен «көрерміз» деп,
бастап ем бағбандық бір өнерді іздеп,
мен еккен
үш апельсин үсіп кетті...
жемісін жей алмадық келер күз кеп.
Жанымның
жапырағы сырласы боп,
жайқалған
желекті ұрды бір қасірет.
Қуана көрсетуші ем қонақтарға
қалжыңдап:
«қайта құру құрдасы», — деп.
Қайтерсің,
тәңір солай түшкірген соң,
көрге де үйренесің үш күннен соң.
Үшеуін көзім қиып бермес едім,
жауса да жерден теңге,
үстімнен — сом.
«Бидайдың барар жері —
диірмен», — деп,
жүрмін-ау тағдырға сәл иілген боп.
Шынымен ішім менің өлген екен, —
үш күн де
үшеуіне күйінгем жоқ.
Ұлықбек-ау,
тағдыр тағы теріс келді,
сөз қылма көз алдаған жеңістерді.
Еңбегің еш болмаған жерің бар ма,
Қанеки, қай тірлігің жеміс берді?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу