Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
13.06.2022
106
ҚЫЛКӨПІР
Қоңыр күз келді,
ұмытқан шығар шынымен өмір біздерді,
кеудемде менің ұйтқиды қара суық жел,
құлазып қала қарадай көңілсізденді.
Ұмытқан шығар...
Кеудеме қысып талайдан жылытқан шұбар
жыланым келіп, өзімді шағардай болды,
ол дағы өзім көрсеткен қылықтан шығар?
Ұмытқан шығар...
Бетімді осып өтеді суық тамшылар,
тұрлаусыз жаздың соңынан тұнжырап қапты,
отасып опа таппасын түбі ұққан шынар.
Кіріп хал сұрар
бір пенде жоқ-ау,
бәрі де ұмытқан шығар,
ұйыққа батар жол көп қой тірлікте мына,
жол бар ма екен тал қармап тұйықтан шығар?
Жасыра алмаймын,
тағдырдан тауым шағылып жасығандаймын,
көтере алмаса қылкөпір үзіліп кетсін,
өз жүгімді алып бақиға асығардаймын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter