Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
13.06.2022
181
Ұлымын деп астананың...
Ұлымын деп астананың
Айтуға мен жасқанамын.
Ауылымды
Алла атындай
Аузымнан бір тастамадым.
Айды көрсем — амандастым,
Құшағымды самалға аштым,
Қалаға кеп құласам да,
Қалалық боп қала алмаспын.
Ақыны боп астананың,
Кердеңдесем кеш,
Қарағым.
Ауылыма келген кезде
Мен де өзіңдей жас баламын.
Қала кейде күндей мекен,
Кейде бірақ түндей бөтен.
Асфальтқа түскен тамшы
Көкке ұшпаса сіңбейді екен.
Айтып мен де аспан әнін,
Көкке ұшамын,
Қош, қарағым.
Ылайланып бітер болдым,
Көріп бәрін масқараның.
Жасармадым,
Көгермедім,
Қоштасуға келер ме едің?
Туған жерім — ауыл болса,
Қала болды өлер жерім...
Күлбілтелеп неғыламын,
Екеуін де сағынамын.
Өмірім мен ажалымның
Арасында сабыламын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter