Өлеңдер ✍️
КҮПІР ӨЛЕҢ
Азаттықты айта алмадық
Ақ найзаның ұшымен.
— Азатпыз! — деп айқайладық,
Абақтының ішінен.
Жалықтырды соқыртеке,
Ойынымыз осылып...
Іш арақты, өкірт, әке,
Мен де ішейін қосылып...
«Құдай жоқ» деп ұстаздарым
Қаратпады-ау құранға,
Қайран менің қыс-жаздарым,
Қор боп өткен ұранға.
Мас боп жатыр шәкірт жолда,
Хақтың жолы тосылып,
Іш арақты, өкірт молда,
Мен де ішейін қосылып...
Шерменде боп имам өлді,
Құрттық та оны — «көгердік».
Тобырда жоқ иман енді,
Қасиетке сенерлік.
Қала бердік соқыр тамда,
Ақты қара өшіріп.
Іш арақты, өкірт молла,
Мен де ішейін қосылып...
Сұбыханалла...
Астапыралла...
Асылық қой, не дейін?
Биыл мүшел жасқа шығам ба?
Тәубама онда келейін.
Ер — намысын,
Әйел — ғұрпын
Көркі етелік тойлардың.
Таста ішуді,
Қой, ел-жұртым,
Ал мен болсам — қойғанмын!.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter