Өлеңдер ✍️
НҰРҒИСАНЫҢ АҚҚУЛАРЫ
Қағылез, қара бала қалқан құлақ,
Солақай домбыраны тартар бұрап.
Кеудесі күмбірлеген күміс әуен,
Шабыты шалқып-тасқан шалқар бұлақ.
Ал тартты!
Домбыраны тарт дегесін,
Арманның алға бұрып мәрт кемесін.
Сұм жалған,
Сөнген жұлдыз сәулесіндей,
Қолыңды созып тұрып жалт бересің!
Беу, мынау саусақ емес сиқыр шығар,
Жаныңды ән әлдилеп, күй шымшылар.
Шанағын домбыраның жарып шықпай
Қашанғы көкейіңде мұң тұншығар.
Қазақтың қайғы-мұңы таусыла ма,
Төбеңнен күй нөсері жаусын, аға!
Жан салдың қатып қалған қара тасқа,
Үн бердің жапырақ пен тамшыға да.
Тәңірдің нұрындай бір құя салған,
Шыққандай періште күй киесі алдан.
Самғаған жер жүзінде бүкіл аққу
Домбыра шанағына ұя салған.
Зарлаған сыңары үшін азаппенен,
Аққудың ақ сенімін ғажап көрем.
Құстарда ұлт болмайды-ау,
Ұлты болса
Аққуды құс ішінде қазақ дер ем!
Сұрланып, бірде күліп, шырайланып,
Сұм жалған бір жылайды, бір ойланып.
Сұңқылдап Нұрағамның аққулары
Қона алмай көк аспанды жүр айналып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter