Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  345


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҮЛКЕН ҚАРАТАЛ

Ауыл осы өзім талай жыр еткен,
анау үйде қоңыраудай шыр еткем,
анау қырда көкейімді ой тесіп,
арманымның маңдайынан күн өткен,
мұнда тұңғыш табын сезіп қайғының,
тұңғыш рет танысқанмын түнекпен,
айтылған серт, алысқан қол ада боп,
аққан жұлдыз тура тиген жүректен.
Сонау тауда бұлақ болып басталдым,
мынау жонда мен өзімнен қашқанмын,
ат іздеуге алыс шығып, адасып,
құс жолына түсіп кеткем аспанның,
анау бақта, аясында жас талдың,
махаббаттың әліппесін ашқанмын,
тұңғыш рет тәуекел деп тас жұлып,
тұңғыш рет тауым қайтып, жасқандым.
Мынау мектеп түйген маған қабағын,
оқытқан сол алғаш үміт сабағын,
айлы түнде тұңғыш рет жыр жазып,
шабыт керген көкірегімнің шанағын,
у да емесін, бал да емесін байқадым,
ішіп көріп өкініштің шарабын,
жан-жүрегім тігісінен сөгіліп,
оңашада ай нұрымен жамадым.
Ауыл осы,
ұям осы мен ұшқан,
артық маған жердегі бар қоныстан,
менің ізім бар әлемді шарлап кеп,
ауылымның көшесімен тоғысқан,
келіп тұрмын тыртық-тыртық жүрекпен,
келгендей боп көрінбейтін соғыстан...
апам қайда, атам қайда, қайда әкем,
шағымды бұл көрмей ме екен толысқан?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу