Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  284


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖАҢАҚОРҒАН. ШИПАЖАЙ. ҚАРА БАЛШЫҚ

Қара балшық?
Қандай бұл қара балшық,
Құлан-таза дертіңнен алар аршып?
Балшық деген баттасқан кір еді ғой,
Ол да жатыр кәдеге жарағансып.
«Қардың басын қар алар» —
Қандай шындық!
«Ханның басын хан алар» —
Сондай сұмдық!
Тебістіріп қойғаны-ай тектестерді,
Бірін-бірі түбінде жалмайтын ғып.
Қатыгез-ау,
Қатал-ау өмір заңы,
Өзегіңді өртейді небір зары.
Қара балшық жаққанға кетер ме екен,
Көңіліме жұғыпты көмір дағы?
Балықтай боп сең соққан сенделейін,
Мұз шайнаған жалғыз-ақ мен бе дейін,
Қайғы жұтып, құсаға түсіп ем ғой,
Қайғыменен ендеше емделейін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу