Өлеңдер ✍️
ТҮРКІСТАН
Көргенмін сені
Ғасырлар терезесінен,
Тағлымыңды танып,
Тарихтың ережесінен.
Көгілдір күмбездерің бой таластырғандай
Кеудесі көк тіреген хандардың дәрежесімен.
Көкірегіне сыр түйіп байтақ армандай,
Ғұлама жылдар бастарын шайқар ормандай.
Қасиетті Тайқазан қайта келген соң,
Қазағымның құты да қайта оралғандай.
Сұм заман есте өрт лаулап, оқ ұшып жатқан,
Сан мәрте сені қорғадық соғысып жаттан.
Он сегіз мың ғаламның күллі ғылымы
Құтханаларыңда
Сол кезде-ақ тоғысып жатқан.
Бесігіңнен жолбарыс жүрек балалар күлген,
Есігіңнен арыстан жалды бабалар кірген,
Беу, Түркістан,
Қыдыр да қаңғып кетпей,
Сенің босағаңды сағалап жүрген.
Сен асау арғымақтайсың
Ғасырлар үйрете алмаған,
Қабырғасын
Уақыттың катапульттері күйрете алмаған.
Жас Қожа Ахмет тұрғанда тізесін бүгіп,
Көздерін келешектің суреті арбаған.
Салауат айтып өткенге «шүкір» дедің бе,
Өшіп көрген жоқ ошағың, түтіндерің де!
Найзағай осып,
Айбалта айырып кеткен,
Жараларыңдай жыртығың бүтінделуде.
Қойныңда қыруар хикмет білімі жатыр,
Мүсілімдердің мархабат ілімі жатыр.
Қасиетің мен киеңді мойындады әлем,
Алдыңа келіп, бас иіп, жүгініп ақыр.
Ынтығып неге ұмтылар саған мұнша адам,
Қаншама ақын жыр арнап, қалам жұмсаған?
«Ұлылық деген не?» десе, көрсетем сені,
«Қасиет деген не?» десе қараймын саған!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter