Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  173


Автор: Жангелді Немеребай

ЖАЙЛАУДА

Болжаған сөзі кетпес бір теріске,
Куә еткен адамзатты үлкен іске.
Хайуанның тілін білген жер бетінде,
Болыпты баяғыда бір періште.
Бір жауап алам деген сыңайменен
Бәрінен хайуанаттың сұрай келген.
Періште жолыққанда мысыққа кеп,
Сұрапты: «Кім екен депҚұдай деген».
Мысығың айтты маған тең болар кім,
Мен деген иесімін кең далаңның.
Адамдар үйінде де құрметтімін,
Сондықтан сол Құдайың мен болармын.
Депті де мысығыңыз мияулапты,
Алдында періштенің ұялмапты.
Шынымен он сегіз мың ғаламыңды
Жаратқан мен шығар деп қиялдапты.
Малшының үйіне кеп қыраттағы,
Періште жауап іздеп тұрақтады.
Елеңдеп үріп шыққан құлақтары
Итке кеп жалғастырды сұрақты әрі.
Ит айтты: «Адамдардың серігімін,
Адамның болған емес теңі бүтін.
Мен үшін Әміршіңіз ақылы асқан
Адамзат, одан асқан ең ұлы кім.
Сондықтан маған Құдай адам бүгін,
Өйткені билеп алған санамды мың.
Мені олар балайды да қазынаға,
Сол үшін тілеп жүрем амандығын».
II
Ол рас, қалмаған еш көші қоннан,
Ежелден ит адамның досы болған.
Қасына серік етіп қосып алған,
Ит екеш итке адамдар сенім артып,
Құдайы болмаса да иесі болған.
Мініп ап ойнақтатқан ат-шыбығын,
Балалық бейнелерім тапшы бүгін.
Жайлауда қара борбай шағымда мен
Иттің бір көрген едім жақсылығын.
Сол күндер айналды ғой түс-елеске,
Ойлансам еміс-еміс түседі еске.
Өріске бір отар қой таратып кең,
Тау асып бағушы едік бала біткен.
Кей күні ата-анамыз тойға барса,
Кетуші ек суыр аулап шалалықпен.
Сол күннен бір оқиға болса дерек,
Беткейде болған-тұғын арша бөлек.
Қамалып сол аршаға мал қайтқанда,
Далада бір бөлек қой қалса керек.
Тауында «Шұбартөбе» заңғар далам,
Жер қалмай «Жамантаста» сандалмаған.
Ақыры ойын қуып кешқұрымда,
Өрісте қалған қойды аңғармағам.
Түнімен үрген итке құлақ түрдік,
Қойды емес, итті жоқтап сұрақ қылдық.
Таңертең малды санап өргізгенде,
Жарты отар қой кемдігін бірақ білдік.
Бәріміз атқа қондық табанасты,
Ондайда тұрып қалу жарамасты.
Атына қамшы соғып бір ақырып,
Әкеміз- деді бізге «қара басты».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу