Өлеңдер ✍️
АЙСБЕРГ
Сотүстік мұхитында көгістеніп,
Беймəлім бағыт алған ағысқа еріп,
Төрттен үшін жасырып су астына
Жүзеді екен таудай боп айсберг.
Мұхит бетін мекендеп, тіл қатпаған
Айсберг бейнесі жұмбақ маған!
...Тіршіліктің сүйрелеп тауқыметі
Бұл мұхиттың түбіне кім батпаған?!
Шықпайды азапты сəт көп есінен,
Талайлар өлді айрылып кемесінен.
Қан ақты қып-қызыл боп аппақ қарға
Мұзға асылған қолдардың көбесінен,
Айсберг солардың елесі ме?!
Көбі оның көнді суға батуға да,
Көбі оның қайрат қылды қатулана,
Көбі оның ең соңғы рет шыңғырды да,
Жем болды айдаһардай акулаға.
Көбі оның көз жастарын төгіп кетті...
Көбі оның тағдырына көніп кекті,
Жанарынан шығармай ащы жасты,
Жүрегіне ұйытып өліп кетті.
Барлығын ұмыттырды уақыт жалған,
Оп-оңай жасалмайды бақыт қолдан.
Айсберг – шейіт болған сол ерлердің
Көз жасы, бəлкім, мұз боп қатып қалған?!
Ұмыт болып азапты өткен күні,
Көз жасы бізге мұз боп жеткен бүгін
Сол ерлердің
көреміз біздер мына
Қасіретінің тек қана төрттен бірін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter