Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  127


Автор: Мәди Қайыңбаев

ҚАРАҚҰМДА

Шексіз шөл...
Шөліркейді дала мұнда,
Отты аптап өртеп бəрін, жалануда.
Ең соңғы рет жырлатып шөлге арманын,
Өлгелі жатыр шөлден Қарақұм да.
Мен болсам құмнан-құмға қашамын кеп,
Қарақұм ыңырсиды «Қашағым!» деп...
– Қашағым, қаш! Бұйыртса жұтамын да,
Ындынымды солайша басамын... – деп.
Өмірге сендей біреу керек деген
Сеніммен өзімді алға демеп келем.
Түсірген сергелдеңге сол досыма
Несіне келдім екен көмекке мен?!
Көз кіреуке тартады,
Көңіл босаң,
Үміт қашса, құшақты өлімге ашам.
Үш күн бойы адасып, нəр татпадым,
Құдай-ау, басылады шөлім қашан?!
Лапылдап көк аспанда Күн құбылды,
Кеудемде «Өмір!» деген сыр бүгулі.
Бұйыртса бір кесіртке жермін ұстап,
Солай басқан дұрыс-ау ындынымды.
Қарақұмдай менің де сұлқ денем,
Тек өзектен құйылар уытты өлең.
– Кесіртке!
Міне... міне... қашты алдымнан,
Ербеңдеп енді соны қуып келем.
Өлім менен өмірдің таласуы-ай,
Зұлымдық пен мейірімнің жарасуы-ай!
Қуамын кесірткен Ажал болып,
Шөл де мені қуады дəл осылай!
Талай-талай құмдардан өттім асып,
Құм деймін-ау, құм емес отты басып!
Енді қолым жеткенде кесірткеге,
Құйрығын... тастады да кетті қашып!
Мен де бір алданған кейпіндемін,
Алданумен өтіпті-ау кей күндерім.
Алдымда ет тұрса да сорпасымен,
Бəрібір бір кесіртке жеймін дедім.
Ыза буып... созылдым талыс болып,
Тіршіліктен жатырмын алыс қонып.
Үмітімдей үзілген əлгі құйрық
Көкірегімді өртейді намыс болып!
Ал, намыс ше?!
Намыстың нұры кірсін,
Өмір сүре білу де ұлы бір сын!
Қарсы бармай,
Қаймығып қиындықтан,
Құйрық беріп бас баққан күні құрсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу