Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
12.06.2022
126
КӨКТЕМ
Зевстің алау күймесі-дағы
Шуақты төкті қуатты.
«Жаңажол» жақтың жидесі тағы
Сап-сары болып гүл атты...
Көктемде ерте бүрлейді жырақ.
Мөлдіреп тұрар ғарыш та.
Ал жиде кештеу гүлдейді... бірақ
Жұпары кетер алысқа.
Сары бала жалғыз қыр асар тағы
Көкірегін буып өлеңі...
Мамырға майдың ұласар шағы
Құлпырған, қандай əдемі!
Тоғайдан жұпар аңқиды-ау, шіркін,
Аңқиды-ау, шіркін, желменен...
Сары бала-дағы шалқиды-ау бұл күн
Кеудесін шаттық кернеген.
Жұпарға қою мас болар шалқып,
Көрініске əсем тамсанып.
Құрақты жұмсақ жастанар балқып,
Айналып басы... əн салып.
Сары гүлін жиде ұсынар... құлап...
Ұяңдау осы танысқа.
Сары бала кештеу түсінер... бірақ
Арманы кетер алысқа!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter