Өлеңдер ✍️
ӨЗІМНІҢ СЕМИРАМИДАМА
Мекен болар жұртыма, зəузатыма,
Салтанатты заты да, сəнді аты да,
Болмағанмен қарт шаһар Вавилондай
Кездескенбіз жап-жасыл Алматыда.
Кеудемде мөлдір сезім тасып-толып,
Қалғанмын бір көргенде-ақ ғашық болып.
Асып келген ханшадай Мидиядан
Табыстың Қызылжардан асып келіп...
Тұрады өз қаламның аспаны ұнап,
Талабым тағыңнан да асқағырақ,
Патшаға ұқсап əйтсе де өзіңе арнап
Салдыра алғаным жоқ аспалы бақ...
Дүние... құрсын бəрі жетер кімге,
Күліп-ойнап өзіңмен өтем бірге!
Біздер үшін аспалы бақ сияқты
Бау-бағы біз тұратын пəтердің де.
Сый болып ағылмады лағыл да елден,
Азды-көпті алқаңды тағынғанмен,
Семирамидадай шалқып сен жүрген жоқсың,
Семирамида сияқты сағынғанмен.
Зырлайды бал-шырынды күндер ерек,
Сол патшадай жанымды гүлге бөлеп.
Шексіз сүйем...
Мүмкін-ау сондықтан да
Тірлігімде жасауым бір керемет!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter