Өлеңдер ✍️
НАҒАШЫ АТАМ
Дариға, алтын адам марқұм анам,
Болсын деп отырушы еді халқым аман.
Көл-көсір дүниенің жұрнағындай
Қолыңда жалғыз жүзік жарқыраған.
Атамыз қос-қос орда, қос ордалап,
Көштерін көшеді екен жасаулап ап.
Жігіттер улап-шулап жүреді екен,
Жүк артып, қоспақ тіздеп, асау қамап.
Қондырған ағайынға, халқына бақ,
Атамыз жатады екен арқырап-ақ –
Ен салып мылтықпенен жылқысына
Төрінен ақ орданың алты қанат.
Күрсініп өткенді анам қолдады көп,
Сол күндер бір күнгідей болмады деп...
– Дариға, бақ дегенің баянсыз құс,
Кетеді қолдан ұшып ол-дағы, – деп.
Арманның бұлт айналған ақ тамағы
Ақыры кетті сол құс, тоқтамады.
Желігіп жер бетінің кедейлері
Байларды жоямын деп топталады.
Қызылды кешіп өтіп, тауға қашып,
Алтынын құмға тығып, жауға шашып,
Іргесін көтеріпті байғұс атам,
Құртпаққа көзін мүлдем Ауған асып...
Үдеріп қуа-қуа таң қызылын,
Тарқатып дүниенің бар қызығын –
Қызылдың ми айналған құмдарында
Ыстыққа алдырыпты жалғыз ұлын.
Жеткенде аударылып желді күнмен,
Шекара жабылып қап енді мүлдем,
Əмудің жағасында қалыпты атам,
Көз жасын бірге жуып мөлдірімен...
– Дариға, Күннен əсем, Айдан ару,
Бал суы жаныңа құт, бойға дəру, –
Деп анам күрсінер-ді қоңыр кеште,
Есіне түсіп ескі қайран Əму...
Өтті анам...
Тартқанмын-ау анама көп,
Ойлаймын мен де бүгін одан ерек –
Біріксе барлық елдің кедейлері,
Күніміз мына біздің не болар ед?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter