Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  260


Автор: Мәди Қайыңбаев

ҚАЙЫН АТАМНЫҢ ПОРТРЕТІ

Жарық қып шамы жан-жағын
Оқшау үй ауыл шетінде,
Қарбалас жинап мал-жанын,
Дамылдайды ызғын өтінде.
Жанында үйдің қарайып,
Маңқиған бейне атан бір,
Алысқа қарап алайып
Шоңмұрын менің атам тұр.
Алды ашық, ұзын тұлыбы,
Басқанда қар да қаршылдап,
Тұтқандай арқа ұлыны,
Үреді иті арсылдап.
Ұқсайды орыс оязға
Омыраулаған жасында.
Бұрқырап буы аязда
Күтеді қызыл машина.
Қосалқы соғым қорада,
Жануар көзі алақтап,
Қарайды үркіп далаға
Түгіне қырау қонақтап.
Тұтқадай ай да ең керім
Үңілер көктен жақындап.
Таласып жейді жемдерін
Тауық пен қазы жапырлап.
Өткеріп бəрін көзінен,
– Алла, – деп жүрер жолды аңдап,
Күбірлеп өз-өзімен
Беттейді ол үйге қорбаңдап.
Талықси қарап шалғайдан,
Қып-қызыл батыс таңдана,
Қып-қызыл қарды əрқайдан
Соғады қызыл жел ғана...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу