Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  124


Автор: Мәди Қайыңбаев

ҒАШЫҚТЫҚ

Жарық нұрға ешнəрсе теңгермеген,
Ей, достарым, жаным бір сендерменен.
Сендердікі рас-ау... өлмейміз біз,
Біздер тірі боламыз өлгенменен...
Біз жанбаймыз тозақтың мəңгі отына,
Біз қанбаймыз жұмақтың шəрбатына –
Фəниде де, бақида сайран салар
Біздің ауыл болады Алматыда.
Алматыны – пейішті күнде аралап,
Елес болып жүрерміз бір ғаламат...
Тек тірілер сезбейді... сағынады,
Сартап болған жүрегін мұң жаралап...
Заман да аман болады, анам да аман,
Пейіш деген немене... алаңдаман.
Адам да алаң бола ма пейіш жақта,
Бұзықтықтың талайын тəмамдаған...
Кеңсай деген керемет бесіктауда
Қыдырамыз жапырақ кешіп бауда...
Тірілерге елес боп, аян беріп,
Тырысамыз жандарын жасытпауға.
Алаңдаймыз олардың мұң-зарына,
Бара алмаймыз жанына біз қамыға...
Түн жамыла кетерміз құмырамен
Су құйып тек жұпарлы гүлзарына...
Жанымыздан сағыныш ыршып ағып,
Жас сұлуға-ай... қараймыз тұншыға анық.
Ал, ол болса... аң-таң боп тұрар бақта
Гүлзарымды кеткен деп кім суарып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу