Өлеңдер ✍️
АҚЫН
Қайран, ақын, қарақ-ай,
Қатыгезсiң сен неткен!
Өзiңдi өзiң аямай,
Қағындың-ау жөргектен.
Жұдырықтай жүректi
Сан майданға салдың-ау!
Маңдайыңнан күн өттi,
Сары аязда қалдың-ау!
Жақпай күнi қаланың,
Даланы да сан ойлап,
Тiлiн алмай Ананың,
Балаға да қарайлап,
Өттi-ау күнiң сан түрлi,
Өкiнiшпен сарғайып.
Сен дегенде алқынды
Желкенiнен бар қайық.
Сонда да сен шаңы атқан
Тастамадың қалаңды.
Сiмiрiп ап шараптан
Сан еске алдың анаңды.
Еске алғансың елiңнiң
Бұйрат-бұйрат қырларын.
Еске алғансың жерiңнiң
Есiркеген сырлы əнiн.
Гүлзарың мен бауыңның
Сұрқай түрiн,
Кешi – мұң,
Еске алғансың ауылдың
Жабылмайтын есiгiн.
Еске алғансың далиған
Қақыраған қақпаны.
Қызыл шəлi жамылған
Қалампырды бақтағы.
Еске алғансың сезiммен
Ең аяулы, ең бөлек!
Бəрi, бəрi … көзiңнен
Жас боп тамды-ау дөңгелеп.
Шарапқа алау нұр сiңген
Қол создың да бiр қарап,
Бiр қолыңмен, тұрдың сен,
Жүрегiңдi уқалап.
Сөйттi,
Сөйткен Есенин,
Мұқағали, Төлеген.
Сөйтер тағы неше мың
Шайыр десе,
Сенер ем.
Сол дəстүр ғой… сол бəрi,
Тұнжырайды мұңды алап.
– Ауыл… – деймiн мен-дағы
Жүрегiмдi уқалап.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter