Өлеңдер ✍️
Орамды ойларды орып орақ қалам....
Орамды ойларды орып орақ қалам,
Қашан маза береді тағат маған?
Соқыр сенім қамшылап төзімімді,
Сіз отырған есікті сан аттағам.
Бір күндік қуанышым қонақ маған,
Ұлы мұң ессіздікке жолатпаған.
Ұстазым – ұлы мұңым бола тұрып,
Білем, тарих бетінде парақталам.
Ардағым асқақ үнді арым еді,
Бар еді таланттының азы-көбі.
Талабына жол ашар сәттерінде
Кейде осылай қапыда кезігеді.
Ақын емес едім мен өтпес үні,
Уәдесін берген еді Бәтташұлы.
Осы бір оқу орнын қайтсем екен
Маған қарай келгенде жоқ несібі?
Аға!
Сіз жан едіңіз жөн білетін,
Білімдіге білікті ой төндіретін.
Қарлығаштай қызыма қамқор керек,
Бір жолдары бар шығар көндіретін.
Тағдыр мені қаншама қыстаса да,
Маған арман бақ-сағым ұстата ма?
Туғанда талантымен бірге туған,
Таланттардың тағдыры ұқсас, аға.
Қалай қашам жазмыштың жазарынан?
Тұрмыс-күй талай ойды қаза қылған.
Ардақ та жылап қайтып жүрмесе екен,
Опасыздау мына өмір базарынан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter