Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  83


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Өлеңдi несiп етiп...

Өлеңдi несiп етiп,
Кесiрдi кешiп өтiп,
Бiр тамшы көз жасымды
Келемiн бесiк етiп.
Бiр кесе кетсе сынып,
Бiр қырсық кетті есiрiп.
Бiр тамшы көз жасыммен
Аламын отты өшiрiп.
Тағасың несiне мiн
Кешiрем, өшiгемiн.
Жол тапсаң көз жасыма,
Мен бәрiн кешiремiн.
Жаманға жуымағам,
Ашынсам буып алам.
Бiр тамшы жасымменен
Күнәмдi жуып алам.
Жол бермей басынуға,
Тәу етiп тасуыма,
Үзiлiп түскен жаспен
Су себем ашуыма.
Тағдырдың төсiн емiп
Нәр алған несiбемiн.
Бiр тамшы жасымменен
Үрейдi өшiремiн.
Көңiл-күй көп өлеңiм,
Мұңға да бөгелемiн.
Тамшыдай жасымменен
Шаттыққа бөленемiн.
Тамшыға ұялап мұң,
Сезiмге сыя аламын.
Жек көрiп көз жасыммен,
Қайтадан сүйе аламын.
Мен солай дуанамын,
Тез күйiп, қуанамын.
Оп-оңай жылап алып,
Оп-оңай жұбанамын.
Сыр алып сағым жылдан,
Сан мәрте сағым сынған.
Тамшы жас ғашық қылып,
Тамшы жас сағындырған.
Көңiлде көктем едiм,
Өмiрде өктем едiм.
Бiр тамшы көз жасыммен
Арманға жеткен едiм.
Өртесе от өлеңiм,
Мен бәрiн көтеремiн.
Көз жасым, сен болмасаң,
Жынды боп кетер едiм.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу