Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  460


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

ТОҚАЛ ӘЙЕЛДІҢ МОНОЛОГЫ

Мен саған күйеуге шыққанда
Шабытым асқақтай ма деп едім,
Керісінше, ақсаттың.
Күңге айналып асқақ күн,
Сезімімді жасқаттың.
Ана және әйел деген қос бақтың
Еркелігін тастаттың.
Мен саған күйеуге шыққанда
Жалғыздықтан құтылам ба деп едім,
Қателескен екенмін.
Селт еткізіп секем күн,
Жаным жалқы, бөтенмін.
Екі иықты құныстырып бекер күн,
Бәрін жалғыз көтердім.
Мен саған күйеуге шыққанда
Қамқоршы боп, рақым етер деп едім,
Жазғырынды күн кештім.
Көлеңкелеп күндес күн,
Қателігім күнде өсті.
Шаттығыма шағым айтып білместің,
Түн тілімен тілдестім.
Мен саған күйеуге шыққанда
Жар қызығын қызықтаймын деп едім.
Шытынаған шөлмек күн,
Өкінішімді өрлеттің.
Жыладым ғой, бірақ саған тең кеп бір,
Жар боп жылап көрмеппін.
Мен саған күйеуге шыққанда
Туыстарды көбейтемін деп едім,
Басқа болды барлығы.
Көңілдердің тарлығы
Өлеңімнен қарғыды.
Қыңсылап кеп қызғаныштың сан қыры,
Маңдайыма саңғыды.
Мен сені алғаш көргенде
Жүрегі таза, ақкөңіл жігіт деп едім.
Көңілді сөзбен алдаған,
Өзін-өзі қорлаған,
Қыңыр болса, сол жаман.
Бөбегім ғана өз тірлігімді жалғаған,
Еркектен бағым жанбаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу