Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  123


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Таулар! Таулар!

Таулар! Таулар!
Қара жердiң қыртысының қысымынан жаралған,
Шыңырау шың арай күннiң айнасына таранған.
Мынау күллi дүниенi бiр тасыңа сиғызып,
Батар күннiң бояуына малынады бар арман.
Таулар! Таулар!
Тұмшаланған тозаңды аршып сығалайсың сен маған.
Аңылжыған аспаныңа әпектейдi шер ғалам.
Күнге сүйеп маңдайыңды шалықтайсың бақыттан,
Мен кедеймiн, Сен байсың ғой, бақытыңнан бер маған!
Таулар! Таулар!
Жер-анадан қысым көрiп бетке шыққан бiр түйiн,
Ұшық тиген дүниеден опа күттiм жыр түйiп.
Тау сияқты көрiнедi пенделiктiң пиғылы,
Қос саусақтың арасынан жуан бармақ бұлтиып.
Таулар! Таулар!
Уақыттың желiсiнен тепкi көрiп мүжiлген,
Айналайын топырағыңнан сан сындардан сүзiлген.
Күре жолдан соқпақ iздеп, сүреңсiздеу жол тауып,
Алтын өзек тозбас сөздi қару қылдым бүгiн мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу