Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  125


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Жерге жақын баба рухы жетектеп....

Жерге жақын баба рухы жетектеп,
Шешелер-ай! «Абыройым кетед»деп
Киген екен көйлектерiн ұзын ғып,
Көргенсiздiк басталар деп етектен.
«О, жасаған! Күнәм болса қайтем?» деп
Сол баяғы қариялар айтар ма ед?
«Әйелдердiң ашық қалған шашы мен
Тiзесiнде мекендейдi шайтан» деп.
Содан болар, көп нәрсеге қанықтым,
Күнәмдi iздеп өзгелерге налыппын.
Неге өмiрде шалыс бастым деп жүрсем,
Аяғымды шайтан келiп шалыпты.
Қоғам билеп, Қорқыт кешкен санамды,
Аңғал жүрiп асылымнан тоналдым.
Сән қуам деп тiземдi ашып жүрiп ем,
Аяғыма шайтан келiп оралды.
Жалаңаштап жүрiп едiм шашымды,
Әр шашыма шайтан келiп асылды.
Басым неге қателестi деушi едiм,
Шайтан екен шатастырған басымды.
Мұны бәлкiм бiреу бiлiп, бiлмейдi,
Бiр құдiрет ендi есiңдi жи дейдi.
Қасиеттi Құран кiтап тiлiнде,
Ашық жүрген тәндi шайтан билейдi.
Пендемiн ғой, адамдарға сенемiн,
Сайтансырап шарап iшкен мен едiм.
Бойымдағы шайтандарды қууға,
Хақ тағалам, қажет сенiң көмегiң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу