Өлеңдер ✍️
ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЛИХАНЫН САЛЫП ЕСКЕ
Топқайыңның шеткі бір көшесінде,
Төрт бөлмелі ағаш үй тұратұғын.
Темірбек пен Тоқтасын салып берген,
Қалағаңның жазғы үйі болатұғын.
Алматының ызы-шу, қиқуынан,
Жаз шыға қашып шығып, жөнелетін.
Аяғымен жер басып, бұлақ кешіп,
Ауылдың қызығына кенелетін.
Қауқылдасып, қаумалап қалар еді,
Не бар ыстық жалғанда ауылдастан.
Құшаққа алып, жаз бойы жібермейді,
Туған ауыл, туған жер бауыр басқан.
Қымызды ауыл жанында, алыс емес,
Саумал ішер күнде кеп, шөлін басып.
Қалағаң кеп, жайғасып жатар еді,
Жүретұғын жан емес асып-сасып.
Үйінен Қалағаңның үзілмейді,
Іздеп келген адамдар ертелі-кеш.
Әңгіме-дүкен құрады түні бойы,
Шамдары да тым ерте сөнген емес.
Қалағаңның бірталай шығармасы,
Дәл осы үйде дүниеге келгені анық.
Алматыға барған соң жолы ашылып,
Шығатын кітап болып, иі қанып.
Романға қосатын тұздықтатып,
Өскен өңір тарихын аздап алып.
Қалағаң соңғы жылдар бас алмастан,
«Келмес күндер елесін» жазғаны анық.
«Қоңыр күзден» басталған кітаптары,
Ұласты «Келмес күндер елесіне».
«Беу, ақсақ дүние» деп асыл аға,
Айтқанда алды екен-ай нені есіне?
Үстінен Топқайыңның түскен емес,
Қиялы – бар аңсары, ер қанаты.
Алтайын ешбір жерге теңгермейтін,
Дейтұғын «Ақсу, – деген, – жер жәннәты».
Деуші еді, қимағандай шығара сап,
– Үй осы, қолың тисе кеп тұр енді.
Қоңқайдағы қорымға өзі кетіп,
Қараша үй Қалихансыз бос тұр енді.
Үйіне Қалағаңның қарап өтем,
Тұсынан ары өткенде, бері өткенде.
Қол жайып, бет сипаймыз бар болғаны,
Аруақ бізден дұға дәметкенде.
Қасқайып шыға келер қара шал жоқ,
Келсең де қай уақытта: ерте-кеште.
Қараша үй қаңырап тұр жетімсіреп,
Қазақтың Қалиханын салып еске.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter