Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  330


Автор: Қайырды Назырбаев

ҚОШ, ДОСЫМ, ТІЛЕУБЕГІМ!

(Тілеубек Мырзабаевтың рухына)
Ойда жоқта, туған жерден жырақта,
Өлім – ноқта киілді ғой басыңа.
Амал қанша, жетпей кеттің бір апта,
Туған күнің – Пайғамбардың жасына.
Айықпас дерт – оған кім бар төзе алған,
Дімкәс жүрек тоқтап қалды соға алмай.
Шыр айналып өте берді көз алдан,
Қайран ғұмыр бір күнгідей бола алмай.
Бойын жайлап бірте-бірте бүрген дерт,
Аз емес қой жүргендер жер үстінде.
«Шыбын жанды күнде қинап жүрмен» деп,
Тәуекелмен отаға келістің бе?
Бекер болды-ау, осының осы күнде,
Ажал өзі біледі-ау кімді іледі.
Ыңқыл-сыңқыл болса да бізбен бірге,
Әлі біраз жүрер ме ең, кім біледі.
Әуре-сарсаң тірлікке килікпестен,
Өтіпсің, арысым-ай, мен соны ұқтым.
Ажалдың алдында да илікпестен,
Көтеріп еңсеңді тік өте шықтың.
Алып боп ел есінде қалып ең ғой,
Әншейін, көптің бірі, біреу ме едің.
Мен үшін атан түйе, алып ең ғой,
Жүрегінің түгі бар Тілеубегім.
Досымыз өлді деуге қия алмадық,
Астана – ауруханада уақыт жетті.
Жерлестер көздің жасын тия алмадық,
Көргенде Қалимаш пен Бақытбекті.
Ел ағасы Жанымхан көңіл айтып,
Мырзабек, Елжан, Қайрат бәрі келді.
Әділбек, Тұрсынбек пен Гуля, Дөкөн,
Бәрі де көзбен көрді әбігерді.
Тұңғышы Сұңқар өзі бекем болып,
Папасын Алтайына алып кетті.
Қия алмай жанарлары жасқа толып,
Жерлестер «Бақұл бол!» деп ниет етті.
Жан едің аямайтын болса барын,
Дос едің сағынысқан кез келгенше.
Қош, досым, Тілеубегім – Таусоғарым,
Өзіңді ұмытпаймыз өле-өлгенше.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу