Алтайда тудым, Алтайдан күн шығады,
Таңсық емес, тауы, тасы, бұлағы.
Қарағайы, самырсыны қаптаған,
Тау басынан ай сығалап тұрады.
Найза шыңдар көкке қарай шаншылып,
Қыр, жоталар шөгіп барад жаншылып.
Қой күзетіп отырғанда жаздыкүн,
Атып келе жатар еді таң сызып.
«Талдыбұлақ» су тілімен сылдырлап,
Түні бойы сөйлеп шықты былдырлап.
Ешбір жанға байқатпастан үн-түнсіз,
Таң шапағы бара жатты түнді ұрлап.
Кетті ме екен тұмсығына құрт кіріп,
Бірен-саран қойлар қояд пысқырып.
Анда-санда дыбыс беріп қояды,
Көрші отардың күзетшісі ысқырып.
Жусап жатыр тойып келіп өрістен,
Қой-ешкілер жайы-күйі келіскен.
Аң ба, құс па, анда-санда әупілдеп,
Ащы дауыс естіледі терістен.
Тау бұлағы ұрғылайды жағаны,
Балдырғанның исі мұрын жарады.
Аяғында тұсамысы сартылдап,
Аттардағы сайға түсіп барады.
«Бәрі тыныш» дегендейін «қауіп жоқ»,
Үй маңынан сүйек-саяқ тауып жеп.
Анда-санда арп етіп бір қояды,
Ақ шолақ ит тамағы тоқ, уайым жоқ.
Жаздыкүні жайлаудағы түндер-ай,
Байқамайсың өткенін де түн қалай.
Лүп еткен жел сезілмейді, жып-жылы,
Барқыт шапан жамылып ап тұр маңай.
Егде тартып, кезімде осы ой баққан,
Есіме алам жас шағымды қой баққан.
Жайлау түні көз алдымнан кетпейді,
Сағындырып, туған жерді ойлатқан.
Қайран сол, әсем сурет, барқыт аспан,
Қымбатсың алтын, күміс, лағыл тастан.
Туған жер, саған деген сағыныштың,
Бір емі кетер ме екен табылмастан?!