Өлеңдер ✍️
ОН ЖЫЛСЫЗ БІР ҒАСЫРСЫҢ
Тәжірибе, білім, денсаулық,
Елге бердің барыңды-ай.
Қайыспай тартып келесің,
Қаратайдың қара нарындай.
Өзің де өткір, сөзің де,
Қайрақтан шыққан семсердей.
Тоқсанға келді дегенге,
Отыр ғой мынау ел сенбей.
Он сегізде от кешіп,
Майданда да ерледің.
Бір аяқты берсең де.
Жабығып, жасып көрмедің.
Екі қол, бір аяқпен,
Үйге аман оралдың.
Демеп жүріп таяқпен,
Ел тізгінін қолға алдың.
Қандай құрмет көрсең де,
Аспадың да таспадың.
Шыңдалған қайрат, жігермен,
Отыз жыл колхоз басқардың.
Алысқанмен алысып,
Бермедің қолдан намысты.
Маңдай тердің өтеуі,
Көрсеттің көзге табысты.
Ерліктің көріп үлгісін.
Берді үкімет бағаны.
Омырауыңа қастерлеп
«Алтын жұлдыз» қадады.
Қонаев өзі қолпаштап,
Апарды талай съезге.
Мақтанып, мақтап отырдық,
Тақым қысып біз елде.
Мәрттігіңді көрсетіп,
Жүйрікті талай баптадың,
Қиын-қыстау сәттерде,
Елді, жерді сақтадың.
Қажет болған кездерде,
Намысын жұрттың жанисың.
Жүйрік ат емес, жігіттің,
Алғырын бірден танисың.
Басшы боп келген бектердің,
Талайын қысып, састырдың.
Найманның шежіре-тарихын,
Ерінбей жинап, бастырдың.
Соның бәрін түгендеп,
Ұрпағыңа тапсырдың.
Боздақтарды құрметтеп,
Бес ескерткіш аштырдың.
Үлгі боп, үлкен жасқа да,
Тәлім-тәрбие бересің.
Бір Алладан басқаға,
Басыңды имей келесің.
Құнанбай сәлем берген кеп,
Мәметек бидің жалғасы.
Қаратайда бұл күнде,
Өзіңдей қария бар ма осы?!
Егемен болған еліңе,
Аз емес еді қосқаның.
Өзіңе өлең арнады,
Ғафу, Мұзафар достарың.
Қартайғанда қалам ап,
«Қазаққа» тілші атандың.
Естелік, эссе жазасың,
Азайса да қатарың.
Қадірлеп, құрмет тұтамыз,
Ақбурыл тартқан шашыңды.
Тоқсанда тізе бүкпеген,
Көрмедік Сіздей асылды.
Қарт колхозшы болып ең,
Кеш кетіп үйге, ерте кеп.
Еңбегің сіңген еліңе,
Жүре берші еркелеп.
Асып туған қатардан,
Елден ерек ұланы.
Қалжыраған жоқ әлі,
Өр Алтайдың қыраны.
Өр дауысың шыққанда,
Көңіліміз марқайды.
Еске салып тұрасың,
Ақ бас шыңды Алтайды.
Осындай мәрт тұлғаңмен,
Жұрт жадында қалғайсың.
Аңыз болып айтылып,
Өміріңді жалғайсың.
Артында шежіре – сөз қалған,
Батырың, Ерің – осы екен.
Тоқсанға кеп топжарған,
Абыз қариям, Бошекем!
Қиындық көп көрсең де,
Тот баспаған асылсың.
Айтып-айтпай не керек,
Он жылсыз бір ғасырсың!
Бәйбішең ғой – бақытың,
Желеп, жебеп қолдаса.
Осынша жасқа келер ме ең,
Нағима жеңгем болмаса?!
Көзің тірі тұрғанда,
Жібересің кімге есе?
Бой бермей де кетесің,
Жаныңда жеңгем жүрмесе.
Бошекең биік белеске,
Өзі жетті демес ем.
Бошайды Бошай еткен де,
Нағима алтын жеңешем.
Бошекеңнің мінезі –
Найзағай ғой, жасын ғой.
Тоқтатқан соны бір өзі,
Нағима жеңгем асыл ғой.
Буырқанып, тасып кететін,
Бұқтырманың өзіндей.
Суырылған шешен көрмедім,
Бошекеңнің өзіндей.
Тіл жетпейді мақтауға,
Сары алтынның сынығы.
Өздеріңе арналды,
Сөзімнің мөлдір, тұнығы.
Ата-әжесін мақтан ғып,
Немерелер жиналсын.
Мақтауға, сірә, сөз таппай,
Балаларың қиналсын.
Теңесем сөзім жетер ме,
Аспандағы жұлдызға.
Өнеге болып өтіңдер,
Әулеттен өрген ұл-қызға.
Жақсылықпен жалғассын,
Өмірдің алды, арты бар.
Қаратай елі армансыз,
Бошекеңдей қарты бар.
Көп жасаған көп емес,
Тауыспай ақыл – қуатын.
Өр Алтайдың қыраны,
Жүз жылда бір туатын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter