Өлеңдер ✍️
«МҰЗТАУҒА» ШЫҚҚАНДА
(Әлібек Асқаровқа)
Таулар бейне алғандайын мұз артып,
Көкжиектен көрінеді мұнартып.
Қиял жетпес жұмбақ әлем төріне,
Қайта-қайта көз тігеміз құмартып.
Жақпар тас, жалама шың, мұз мекені,
Жан шошыр қия жартас құз етегі.
Аңғарда алып мұздар күрсінгенде,
Жүрегің еріксізден зірк етеді.
Аяқта – темір тақа, қолда – қармақ,
Мұз қадағыш қайламен қармап-қармап.
Арқан бойлап жылжисың әзер-әзер,
Біріңді-біріңменен тұрған жалғап.
Тартылар ұзын арқан сымша шертіп,
Көгілдір мұз қабырға тұрар тершіп.
Биікке шыққан сайын бас айналып,
Көңілің пәс тартады жүрген өрсіп.
Бір мезет қар борайды қапалақтап,
Жылжисың санап басып, аттап-аттап.
Бұлт көшіп, күн жылт етіп бір көрінсе,
Жүзіңді қарып өтер жалын аптап.
Жол ауырлап межені алған сайын,
Мұздың суы шөлдетер қанған сайын.
Қол созымда көрінген шыңның басы,
Алыс тартар жақындап барған сайын.
Қарлы шың, қаһарлы шың – бір-ақ қалып,
Жұмбақ тау шақырғандай сыр ақтарып.
Ақкем жақта асу-жол бұлдырайды,
Жолбарыстың табаны сияқтанып.
Басасың әр қадамды байқап, талғап,
Арқада рюкзагың – ол да салмақ.
Қауіп-қатер аяқтың астында жүр,
Көшкін қары әкетер бірақ жалмап.
Білмеймін қанша жүрдік, қанша тұрдық,
Балконда тыныс алып, жан шақырдық.
Палатканы бекіттік мұзды алаңға,
Аппақ қарға айналды барша тірлік.
Ентігіп, жиілеткен деміңменен,
Өрекпіп, елегізген көңілменен.
Жүректің қобалжуын күшпен басып,
Өзіңше боп тұрасың жеңілдеген.
Қорқыныш жоқ дегенің бәрі бекер,
Санаңа салмағын да салып өтер.
Жан тәтті, өмір тәтті шыбын жанға,
Бір сәттік тірлігіңе қайдан жетер.
Ең үлкен биіктік-ай ... жылап көрген,
Мың рахмет жаратқанға сынап көрген.
Жарықтық туған жердің құдыреті ғой,
Бойға күш, жүректерге қуат берген.
Кім болжар сәті түспей ендігіні,
Шықтық-ау өліп-өшіп... келді күні.
Мұзтауды ақша бұлттар жүрді айналып,
Деген сөз рас болар – Жер кіндігі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter