Өлеңдер ✍️
БІР БАСШЫҒА
Кеңестік дәуір кезінде,
Билікке қолың жетіп ед.
Сол уақыттың өзінде,
Зәбірің жұртқа өтіп ед.
Өркөкірек, ұрдажық,
Мінезің бар немесің.
Еске салып тұрасың,
Баяғының төресін.
Ойлағаның өз қамың,
Ағайының, жекжатың.
Алды-артыңа көз салшы,
Мұның қалай «бекзатым»?
Неге сені жақтырмайд,
Ел-жұртыңның барлығы.
Өйткені сен көрмейсің,
Көз алдыңнан арғыны.
Адам екен демейсің,
Бір өзіңнен басқаны.
Жағаттаумен жүресің,
Жайсаңдар мен қасқаны.
Қашан болсын жүргенің,
Келгендей жауды жапырып.
Қарапайым халыққа,
Тізеңді келдің батырып.
Көрінгің кеп тұрады,
Білімді әрі көшелі.
Іші қуыс, дымда жоқ,
Көкірегің қандай бос еді.
«Жанына торсық байлатпас»
Жаман атқа татисың.
Қылығыңа қарасам,
Ер емессің, қатынсың.
Сендей адам басқарған,
Қалың елдің сорын-ай.
Бәріне үнсіз шыдаған,
Қазекемнің қорын-ай.
Атақ-мансап жолында,
Арамдықтан таймаған.
Ниеті – харам, ойы – лас,
Өзіңдей арсыз қайда адам.
Әттең қолың жетпей жүр,
Бұдан үлкен билікке.
Иттігіңді кеш білдік,
От басқандай күйдік те.
Сендей иіс алмасқа,
Тағамыз-ау бекер сын,
Айтып-айтпай не керек,
Топастың өзі екенсің.
Қиратуға жол беріп,
Ауылдың сиқын кетірдің.
Сорлы халық жүдеді,
Өз басың мықтап жетілдің.
Сыбайлас, жемқор туыстар,
Жимайтын болды айылын.
Үйірлеп жылқы өргізіп,
Байыған сайын байыдың.
Бос қалған құрылыс – мұраны,
«Өзің жаққа» тараттың.
Шабындық, егіс дегенді,
Керегіңе жараттың.
Қаймықпайсың ешкімнен,
Сабазым-ай қасқайған.
Қызмет деген жай желеу,
Ойлағаның бас пайдаң.
Тым сорақы ісің көп,
Мен айтпайын арғысын.
Басыңнан асып кетпесін,
Халықтан алған қарғысың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter