Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  345


Автор: Шашубай Қошқарбайұлы

ДОСКЕЙГЕ

Сексенде сері атандым сембей жағым,
Мерейім үстем болды артып бағым.
Ескі дос, өлең, гармонь қайта оралып,
Денемді кетті билеп тасқын ағын.
Жапса да сақал-шашқа кәрілік күміс,
Шат заман, шалқыған ел, бақ пен ырыс,
Құрғатып жанарымнан тамған жасты,
Тарылған көкірегіме берді тыныс.
Қашаннан халық қараған едім сері,
Кәнеки, гармонымды әкел бері.
Тойында дархан туған замандастың
Өлеңнің тағы менен ақсын селі.
Қыран ем қияны алып, туған саңлақ,
Бүгін мен қиялыма қанат жалғап.
Тойында Доскей сынды замандастың
Көрейін күн көгіне тағы самғап.
Гармоным, өлең, әнім - кәрі досым,
Келтіріп тыңдаушының көңіл хошын.
Қазақтың бақытты елін бір аралап,
Болған соң, тұғырына қайтып қонсын.
Уа, Доскей! Жүйрік едің туған дана,
Озбаған, жарысқанда, желі дала.
Өлеңді қырық қырқадан асырсаң да
Тиді ме үлесіңе бұрын баға.


Өткен күн, кәрі бұлбұл, есіңде ме
Дауысты зар-замана өшіргенде.
Ел мен жер қоса еңіреп, қасірет тартып,
Зарлы өлең тоғытқан шақ сен де, мен де.
Еткенде Октябрьдің таңы қылаң,
Саңқылдап егіз туған екі қыран.
Ежелгі езген жауды талқан етіп,
Күн берген өшпес мәңгі саған, маған.
Сол күннің шуағымен сен де, мен де,
Жасарып, жанаттанып кеттік демде.
Ленин ғасырының бұлбұлы боп,
Мінекей құрметтелдік туған елде.
Екеуміз жүйрік едік бастан өрен,
Дариясы ақындықтың түпсіз терең.
Өмірден үлес тиіп тұрған шақта,
Тасысын Ленин деп тағы да өлең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу