Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  677


Автор: Иманжүсіп Құтпанұлы

САРЫМОЙЫН

Жапалақ жарбаңдайды жар басында,
Немене жоқтың күні бар қасында.
Дос болып қас қылғаннан сақта, құдай,
Қасқыр да қас қылмайды жолдасына.
Түйенің жығылуы қойдан да оңай,
Қорыққанға қос көрінеді жалғыз қурай.
Қоңынан бейнеттінің тартса қасқыр,
Оны да сақтайтұғын патша құдай.
Не емес, қатын екен болыс Шәріп,
Мен болдым осы күнді тірі ғаріп.
Бір қағаз жандаралға жөнелтер ем,
Аяқсыз қалмас еді жетсе барып.
Айдауымен тағдырдың кетіп барам,
Көрмеген талай жерді араладым.
Естекке қарсы адам табамын деп,
Қайратты, қажырлыны жағаладым.
Тізесі мұндай естек батқан екен,
Құдай мені дос санап атқан екен.
Еңбегім текке кетіп жалғыз қалдым,
Алпыс жігіт бір жанға санамадым.
Сол үшін аударылды біздің қоныс,
Соңыма поштабай мен түсті болыс.
Мың шақырым шыққанда ел шетінен
Жаяулап айдап келеді екі орыс.
Дәурен сүрдім бір кезде құстай ұшып,
Тоты құстай сайраған сайға түсіп.


Тел өскен ормандағы айдаһар ем,
Аяңдадым жаяулап жолға түсіп.
Ата жауын жіберіп жер аударып,
Отыр ғой мундар естек көңлі толып.
Ұзақ жолда жалғыздық жаман екен,
Келе жатыр батырың құса болып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу