Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  276


Автор: Иманжүсіп Құтпанұлы

БҰҒЫЛЫ-ТАҒЫЛЫ

(Айдауға бара жатқанда)
Қысырақтың үйірі жирен ала,
Орыс, қазақ байлары жапты жала,
Сүйіндікке бет алып шыққанымда,
Көрінуші ең алдымнан, Ботақара.
Бұғылы мен Тағылы бүркіт салған,
Ұйпалақтап қып-қызыл түлкіні алған.
Атамекен жерлерім – кәрі қойтас,
Көзімнен бұл-бұл ұштың, дүние жалған.
Ауылым Күйгенжарға қона алмайды,
Өткен күн қайта айналып оралмайды.
Толғатып тоқсан қатын ұл тапса да,
Бірі де Иманжүсіп бола алмайды.
Әкем Құтпан болғанда, ағам – Шоңай,
Адамзатта ұл тумас мендей құмай.
Болыстың поштабайын сабап едім,
Төрт аяғы байлаулы қойдан оңай.
Сауысқан ұзын құйрық бөрі алдында,
Дау даулар батырсынып төре алдында.
Шешендік, батырлығым зая кетіп,
Қолында дұшпандардың мен қалдым ба?
Жел сөзге болып өстім ауызым епті,
Ел кезіп, жас басымнан көрдім көпті.
Тастайын қалың көптің ортасына,
Көз көріп, ол ұстаған біраз кепті.


Сарғайып ғарып таңнан азған жүзім,
Бүгіліп тартқан сымдай қайран белім.
Қаздай қалқып, үйректей жүзіп жүрген,
Қуандық пен Сүйіндік, қайран елім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу