Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  317


Автор: Иманжүсіп Құтпанұлы

ӘКЕМ ҚҰТПАН

(Ақмола түрмесінде)
Әкем Құтпан болғанда, ағам – Шоңай,
Адамзатта жан тумас мендей құмай.
Төрт стражник, переуәтшік және ауылнай,
Бәрін сойдым бақыртып қойдан оңай.
Зая кетті дұшпанға қылған ерлік,
Жасап едім жасымда көп есерлік.
«Мың асқанға – бір тосқан» деген сөз бар,
Соның бәрін ақыры көзбен көрдік.
Күшім қайда баяғы таңдай атқан,
Қараөткелдің көшесін дабырлатқан.
Бидайықтай ілуші ем аққу, қазды,
Жарғанат болғаным ба бұғып жатқан?
Есіл бойын ауылым жаздай қонған,
Иманжүсіп бұл күнде қандай болған?
Қазы-қарта жемеуші ем мен үйімде,
Қара наны түрменің балдай болған.
Абақтының іші тар, темірленген,
Қайғыменен бұл көңіл семірмеген.
Жан-жағыма қарасам, ылғи солдат,
Көзім талды тесікке телмірумен.
Атам қойған шын атым – Иманжүсіп,
Дұшпандардың қолына қалдым түсіп.
Жарық дүние, күніңді көре алам ба,
Махфрузда бір періште жазса несіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу