Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
10.06.2022
336
СЕЙФІЛ-МӘЛІК
Қолыма қалам алып аяңдайын,
Перизат, білсең керек сөздің жайын.
Мен сізге бір көргеннен болдым ғашық,
Бадығұл Сейфіл-Мәлік-ау Жамалдайын.
Баласы патшаның ол Сейфіл-Мәлік,
Неше жыл ол да жүрген отқа жанып.
Сары алтын сабыр түбі деген анық,
Мұратқа ол да жеткен-ау жарын алып.
Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен,
Зылқия, бізден бұрын Жүсіп те өткен.
Пейіште – Гүлжазира шаһарында,
Дойырдың зайыбы үшін басы кеткен.
Өмірін қорлықпенен қиды жанын,
Зылқия көрді орманда ғашық жарын.
Әркімнің өз теңдесі өзіменен,
Құдайым қоссын сондай-ау мәһірбанын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter