Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  250


Автор: Иманжүсіп Құтпанұлы

Япырым-ау, нем бар еді көлге барып...

Япырым-ау, нем бар еді көлге барып,
Дұшпаннан кек алмадым сайран салып.
Барамын ішқұса боп, амал бар ма,
Көкмойын ат, ақсауыт үйде қалып.
Жасымнан істеп едім көп есерлік,
Дұшпанға зая болды қылған ерлік.
«Бір тосу – мың асқанға» деген сөз бар,
Мінеки, қолмен ұстап, көзбен көрдік.
Ақмола, хош аман бол, туған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім.
Тартысып ертеңді-кеш жауыздармен,
Шұбырып маңдайымнан аққан терім.
Есен бол Баттал, Біләл, Құлжан жаным,
Жас қалды Тұрсынбай мен Дәулетханым.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбым жоқ,
Үкімі үлкен зорлыққа бар ма амалым?
«Жүрсің бе аман, – дейтұғын, – Иманжүсіп,»
Елі-жұртым қалдың ба еңсең түсіп?
Бидайықтай заманым адыра қалып,
Жарқанаттай болыппын сұлық түсіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу