Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
10.06.2022
117
Өлкейік
Туып-өскен жерімнің
Өзенісің, Өлкейік.
Көзіме ыстық көріндің,
Көз алдымда көркейіп.
Жағалауды кеземін,
Бір қасиет бар мұнда.
Бөлек-бөлек өзенің
Бөлек-бөлек тағдыр ма?
Бойды билеп сәл ашу,
Бір мұң бардай жаныңда.
Ойдым-ойдым қара су
Ойға батқан ару ма?
Бір зат болды-ау сескенер,
Алты ай жылы жаз болмай.
Айдыныңда кетсе егер
Аққу менен қаз қонбай.
Кешір мені, Өлкейік,
Жетсем егер кешігіп.
Суыңды іштім еңкейіп,
Шалғыныңа көсіліп.
Тікен тіліп табанды,
Тілім-тілім болса да,
Биіктетіп бағаңды
Көтерермін қаншама?!
Түсінемін бәрін мен,
Төкпейінші бекер мұң.
Сенің берген нәріңмен
Біраз жерге жетермін.
Сиқыры сен сезімнің,
Өзің болшы сөз басы.
Менің бала кезімнің
Мөлт-мөлт еткен көз жасы!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter