Өлеңдер ✍️
МАҢҒЫСТАУ
Аңдасаң, гүл шыққандай тақыр жерге,
Алаулап жалын атып жатыр бел де.
Бұйығы баяғыдан бұл өлкеде
Болмапты батыр кенде, ақын кенде.
Талайлар сая тапқан «жат аймақтан»,
Тарихын еткен бүгін атай мақтан.
Асынып ақ семсерін, көк найзасын
Батырлар айтақырда ат ойнатқан.
Ұмтылып, ұзап шыққан мұндағы арман,
Жұтылып жота, белде, құмда қалған.
Көне көз көпті көрген кәрі Атырау
Көп сырды көпке шашпай тыңдап алған.
Сол сырды жатыр елге жайып бүгін,
Еске алып ғаріп күнін, ғайып күнін.
Өкінген өткеніне лағнет айтып,
Білмейді Ақбөбек пен Қайыпты кім?!
Көзіме көрінесің киелі елдей,
Ақтауға Каспий келіп сүйенердей.
Жағада жыпырлаған сансыз үйлер
Асыққан су ішуге түйелердей.
Тер төкті ағайын да, дос та ерінбей,
Жастықтың жасандырған әскеріндей.
Шевченко сылаң қағып, бой түзейді
Түскен бір жаңа отауға жас келіндей.
Қашаннан күйшілікке құмар аға
Бір шертпей домбырасын тына ала ма?
Сүйсініп өткен бұлттар осы арадан
Сүрініп қалып жатыр мұнараға.
Маңғыстау жарқырайды өзге асылдай,
Халқынан сыр жасырмай, сөз жасырмай.
Бұғынып жер астында жатқан мұнай
Елімнің ертедегі көз жасындай.
Мың жаса, Маңғыстауым, мұнайыңмен,
Жаңарған, жарқыраған күн, айыңмен.
Жұмысшы терін сүртіп от ішінде,
«Танысаң, – дегендейін, – құдайың мен!»
Маң дала, мәңгі жаңа, Маңғыстауым,
Сен бүгін арайланған таңға ұқсадың.
Ұлдарың саған арнап жыр жазады,
Жеткізіп жүрек күйін, жан құштарын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter