Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  354


Автор: Серік Тұрғынбеков

ЖЕТІСАЙ – ЖЕТІ ҚАЗЫНАМ

Құштарлықтың күшімен
Келе жатқан бетіміз.
«Жетісайдың» ішінен
Шыға келсе жеті қыз.
Жаралғандай бағыма,
Кетпей ойым теріске,
Жетіп келсе жаныма
Жеті бірдей періште.
Бұл ғажапты көретін,
Сірә, мендей жоқ пенде.
Жетеуіне беретін
Жеті жүрек жоқ менде.
Бәріне де көнемін,
Досым, менен қызғанба!
Менің жеті дегенім,
Бәлкім, жеті музам ба?
Осы сырдың себебін
Бұзбас ешбір сарапшы.
Менің жеті дегенім,
Бәлкім, «Жеті қарақшы»?
Дүниені аралап,
Талса егер де қанатым,
Сол жеті қыз
мені әлі-ақ
Аман сақтап қалатын.
Демеңіздер құр үміт,
Құрдай ұшып кетеді.
Бара жатсам сүрініп,
Кұрақ ұшып жетеді.
Қалмай менен бір елі,
Таймай «сүйем» деуден де.
Жеті қыздың жүрегі
Дүрсілдейді кеудемде.
Бұлақ болып бұлқынған
Көкжиегім кеңейді.
Сол жеті қыз сыртымнан
Ылғи мені жебейді.
Аққу болып ақ таңда,
Ой-қиялым есейді.
Құлап бара жатқанда
Қанаттарын төсейді.
Қалар емес қапталдап
Құлағымнан сиқырлы ән.
Ұйықтап бара жатқанда
Оятады ұйқымнан.
Жарқыраған нұр жүзім,
Ойын-күлкім – базынам.
Айым,
Күнім,
Жұлдызым,
Анам,
Жарым,
Ұл,
Қызым –
Осы жеті қазынам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу