Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
10.06.2022
174
ЫБЫРАЙ ЕСКЕРТКІШІ
Көз айырмай томдардан,
Төмен беріп бетіңді...
Тұғырында қомданған
Қыран бүркіт секілді.
Отырысың дәл бұлай,
Қуат алып ой-оттан.
Ғұмыр бойы қалғымай,
Ұйықтағанды оятқан.
Сен бір ғажап құдірет,
Нұрландырған ақылды.
Қысқа күнде мың рет
Қайталаймын атыңды.
Шырақ жаққан төскейге,
Қаба сақал, күміс шаш.
Мына тұрған тас бейне
Құдайларға тым ұқсас.
Прометейі даланың,
Сені көрсем, күй табам.
Талай мұңлы баланың
Маңдайынан сипаған.
Айтыңдаршы... ал сонда
Кімді жеңген бұл өлім.
Тас мүсін боп қалсаң да,
Тоқтамапты-ау жүрегің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter