Өлеңдер ✍️
ОСЫ ӨЛЕҢ КІМГЕ КЕРЕК?
Жоқ сияқты бұдан басқа жұмысым,
Осы өлеңді жазып жүрмін кім үшін?
Соны ойласам өртенеді өзегім,
Соны ойласам тарылады тынысым.
Тағдыр неге тарын болды дарынға,
Айтсам мұңым таусылмайды, зарым да.
Жайшылықта жанашыр боп жүретін
Балам түгіл, түсінбейді жарым да.
Осы өлең кімге керек?
Саған ба?
Сен де жауап бере алмайсың табанда.
Дәннің өзі айналғандай кебекке,
Шөптің өзі айналғандай сабанға.
Өліп-өшіп өкпемізді бозартып,
Керегі не кеудемізге сөз артып?!
Бұдан гөрі бұйым артық дүкенде,
Одан гөрі базардағы бөз артық.
Бір ұшпаққа жеткізгендей осы өлең,
Бір беймаза күйге түстім кешеден.
Уызына енді қанып үлгермей,
Жетім қалып жылағандай шешеден.
Одан кейін кету қиын отығып,
Тор ішінде жаутаңдайды тоты-үміт.
Орындығы опырылып кетердей
Кім оқиды кабинетте отырып?!
Кім оқиды жан-тәнімен түсініп,
Мына заман бара жатыр ұшынып...
Надандардан нан сұрайтын күн туар,
Адамдардан кеткен кезде кісілік.
Кімге барам, кімге жазам жырымды,
Мұңдасамын –
Кімге ашамын сырымды.
Сөз қадірін –
Өз қадірін білетін
Қайда менің бабаларым бұрынғы?!
Өз тілімді
Өзен, таудан, орманнан –
Іздеп жүрмін табам ба деп сол маңнан.
Абай айтқан,
Тобықтының өзі емес,
Қайран сөзім
Қай қазаққа қор болған!..
Жақсылардың мәні кеткен заманда,
Тәтті балдың дәмі кеткен заманда
Оңай болмас,
Оңай болмас, бауырым,
Өлең жазу –
Саған,
Маған,
Оған да!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter