Өлеңдер ✍️
Мен де өлермін...
Мен де өлермін.
Сен де өлерсің.
Ол да өлер.
Одан қашып құтылмайды пенделер.
Дүниенің қиырына жете алмай,
Сеңдей толқып,
Соқтығысып,
Сенделер.
Өтер кім бар сыналмай да, мінелмей,
Өтер кім бар қайғырмай да, түнермей.
Өлмейтіндей көрінеміз, жер басып
Өмір бойы дәл осылай жүрердей.
Тұрғандай-ақ төбемізден төніп бұлт,
Тіл тигіздік,
Басқаларды кеміттік.
Басымызда бақыт мәңгі тұрардай
Бақасқаннан,
Тақасқаннан нені ұттық?!
Не тындырдың,
Не бітірдің,
Неғылдың?..
Бостан-босқа шашылдың да төгілдің.
«Өлі жанға» ұқсап бара жатырмыз,
Кейіпкері секілденіп Гогольдың.
Қалар бәрі.
Тау да қалар, тас қалар.
Орыныңды басар келіп басқалар.
Бекінесің – белдігіңді буарсың,
Өкінерсің – өзегіңе жас тамар.
Өкінерсің,
Опынарсың, жыларсың.
Аһ ұрарсың,
Арпалысып тынарсың.
Ақырында...
Айтып-айтпай не керек,
Ақыретте бұйырар жер – бір аршын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter