Өлеңдер ✍️
Аққу өлді...
Аққу өлді...
Ақкөлінен айрылды,
Қанатымен сабап-сабап айдынды.
Аңшы тұрды анық-қанық сыр ұқпай,
Ақын ғана –
Аһ ұрды да, қайғырды.
Аққу өлді...
Ақтық демін бір алып,
Осылайша опат болды бір «алып».
«Қу жанымды қалдыра гөр, құдай!» – деп
Тағдырынан өтінген жоқ, сұранып.
Аққу өлді...
(Өлетінін білмеді!)
Ойда жоқта үзілді де, тіл-демі,
Ілінгенде қарауылына мылтықтың
Іркілмеді... жүре берді ілгері.
Аққу өлді...
Ақша беттен жас тайып,
Аққуларды енді жоқтап бастайық...
Қос ауыздың ұңғысынан үрікпей
Қарауылға қарап тұрды-ау қасқайып!
Аққу өлді...
Кім еді оны өлтірген?!
Дәл осыны айта алмадым еркіммен.
Аққуымнан айрылған соң
Амалсыз –
Арылмадым бойға біткен дертімнен.
Аққу өлді...
Айдын көлдің ажары
Сұлық жатыр... тарқағандай базары.
...Оттан емес,
Судан емес ажалы,
Бұл сұмдыққа Адам ғана жазалы!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter