Өлеңдер ✍️
Шаршадым талай – шарпылдым...
Шаршадым талай – шарпылдым,
Аңсадым талай – шарқ ұрдым.
Тасыдым талай – сарқылдым,
Жасыдым, мұңға шарпылдым.
Сөйледім талай – шешілдім,
Сермедім талай – көсілдім.
Өзгеге айтпай мұңымды,
Өлеңге ғана көшірдім.
Толыстым – талай арыдым,
Торықтым – қашан жарыдым?!
Кеудемді кеулеп кіріп ап,
Аяздай қатты қарыдың.
Құладым – талай аһ ұрдым,
Жыладым – талай бақырдым.
Жүректі жиі жаралап,
Басымды әбден қатырдым.
Құмартып талай – басылдым.
Мұнартып талай – ашылдым.
Тауларға арқа сүйедім,
Шыңдарға барып асылдым.
Мөлдіреп тұнып – төгілдім,
Елжіреп тұрып – егілдім.
Қасірет тартқан арбаның
Қамытын киіп – жегілдім.
Таластым талай – тақастым,
Адастым талай – шатастым.
Жап-жарық күннің өзінде
Ішінде жаттым қапастың.
Сонда да мейлі – сынбадым,
Сонда да мейлі – тынбадым.
Қаймығып, қорқып – қыңбадым,
...Мұңайта алмас мұңдарым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter