Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  105


Автор: Серік Тұрғынбеков

КЕШ

Жағалай қонған ақбоз үй,
Ақбоз үй бір-бір шаңырақ.
Ақ самал болып ақса күй,
Қозы мен лақ жамырап.
Баяулап барып батты күн,
Асықпай әбден жайланып.
Жерошақ жақтан ақ түтін
Кете алмай қойды айналып.
Бауыр да бүтін, бас аман,
Білінбей әсте қайғы-мұң.
Желіден жаңа босаған
Желдеп бір кетті тай-құлын.
Даланың кеші мәуелі,
Маужырап бір сәт қалғаны.
Бітпеген кеше әуенін
Құрбақа қайта жалғады.
Түн жайды қоңыр желегін,
Таусылар енді сыр қайтіп...
...Ертеңгі күннің келерін
Әр үйдің шамы тұрды айтып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу