10.06.2022
  196


Автор: Серік Тұрғынбеков

АЗАПТЫ ЖОЛДА

Бозала таңнан тұрғызып,
Бозбала –
Өңкей өрімді.
Ниеті жаман,
Тіл – бұзық,
Бәрінен Сәкен жерінді.
Сұстанған –
Сұрғылт реңдер,
Сідігі шыққан бетінен.
– Атады! – деді біреулер,
Тұрғызып алып шетінен.
Тұтқындар түгел үрейлі,
Біле алмай істің анығын.
Алладан ғана тілейді,
Қалуын шыбын жанының.
Жүрегі күйіп-өртенген,
Шыға алмай әбден далаға.
Үшеуден,
Тіпті төртеуден,
Отырып алып шанаға.
Барары қайда белгісіз,
Бір жаққа қарай беттеді.
Азапты адам көргісіз,
Сабаздар тұр-ау шеккелі.
Тартады аттар табандап,
Табаны темір шананы.
Артына қарай алаңдап,
Сәкендер кетіп барады.
Автомат деген – бір тетік,
Адамда ақыл азырақ.
Шетке бір шықсаң,
Қылп етіп,
Тастайды атып қазір-ақ.
Қарайды бәрін ұнатпай,
Кісінің сол ғой саязы,
Қариды бетті.
Шыдатпай,
Қаңтардың қызыл аязы.
Айнала орман,
Омбы қар,
Білмейсің бағыт-бетіңді.
Қызылжар,
Бәлкім, Омбыға,
Апара жатқан секілді.
Ақмола қалып бір бетте,
Ағаштар басын сілкеді.
Мынандай үлкен дүрмекке,
Түрменің керек үлкені.
Аптыққан аттар,
Манадан,
Жүрісі әбден баяулап.
Түсіріп бір кез шанадан,
Айдады бәрін жаяулап.
Қасірет қайдан жолықты,
Басын бір тіккен қатерге.
Бәрінен қиын болып тұр,
Серікбайұлы Бәкенге.
Шыққандай бейне жау елден,
Аз емес ақтың лаңы.
Әлжуаз еді әуелден,
Әлсіреп барып құлады.
Жатқан жоқ оған алаңдап,
Жылжиды дүрмек бөгелмей.
«Өлмесең мейлі, өрем қап»,
Керегің қанша, – дегендей.
Бораннан, желден қалқалап,
Айналып қамқор панаға.
Бәкенді Сәкен арқалап,
Апарып салды шанаға.
Айдап бір сосын өңгесін,
Әкетті әрі – сәл жырақ.
– Қадірлі Бәкен – жан досым,
Қалдың ба солай, қалжырап.
Кубрин үйі – мекені,
Түседі еске бір кезек.
Балконда тұрып екеуі,
Сөйлеп бір еді-ау, тіл безеп!
Сәкендер сол күн құлады,
Тайынша деген қалаға.
Қалжырап жолда біразы,
Қалыпты өліп... далада.
Сонан соң
Бәрін тоғытып,
Қамады салқын сарайға.
Қатігездіктің қамыты,
Мойыннан түспес, қалайда?!
Бір-екі сағат тындырып,
Қайтадан сосын айдады.
Күн жүріп,
Әбден түн жүріп,
Қызылжар шетін жайлады.
– Сенбісің қайран Қызылжар,
Мағжанның туған мекені.
Айтылмай жатқан біздің зар,
Жан досқа қалай жетеді.
Адаспа, сен де шатаспа,
Күтеді сенің жолыңды ел.
Жан досың жатыр қапаста,
Қайдасың, Мағжан, қолың бер!
Шетінен бәрін жазалап,
Түсірді күйге қатерлі.
...Осындай ойлар мазалап,
Ұйықтатпай қойды Сәкенді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу