Поэмалар ✍️
АҚҚУ ӘУЕН – ӘУПІЛДЕК. ХАБИБА ҚЫЗ
Келеді Сарыарқаны Сәкен көктей,
Алдында қауіп пенен қатер көптей.
Ызыңдап күні бойы ескен желмен,
Бір әуен құлағынан қойды кетпей.
Бір әуен бірге соғып ескен желмен,
Сағымдай сылаң қағып көшкен белден.
Дариға-ай,
Дүниеде бар ма қызық,
Жастық шақ – күліп-ойнап өскен жерден.
Ақбоз ат,
Бір кем емес қыран құстан,
Кеудесін бір қуаныш, құмар қысқан.
Күйі бар,
Күмбірі бар мұң аралас,
Бір әуен естіледі тым алыстан.
Алыстан бір тылсым үн тіл қатқандай,
Бітпейтін, таусылмайтын ырғақ бардай.
Арқасы қозып кейде,
Арпалысып,
Жапанда жалғыз өзін жын қаққандай.
Ақын жан,
Айтқан сырды аз ұғар ма,
Көңілдің айтылмаған назы бар ма?
Әлемде әлі ешкімге естілмеген,
Әуенде сағыныштың сазы бар ма?
Шықса да жетіп болмас қанша қырға,
Таусылмас арман жатыр аңсарында.
Құлады бір ауылға сері Сәкен,
Кешкілік.
Қоналқының дер шағында.
Сыртынан әлгі ауылды байқап, аңдап,
Біріне ақ боз үйдің түсті таңдап.
Бай екен үй иесі,
Қонағына –
Қой сойып,
Қол қусырып, шәйін қамдап.
Асықпай содан кейін жөн сұрады,
– Қонағым, – бар, – дегендей, – еншің әлі.
Омбыдан шыққанына он күн болса,
Сөйлесіп, сырласайық кел, шырағым.
Деді де, шынтағына жастық тастап,
Бір қызық әңгімесін кетті бастап.
Күмбірлеп құлағына тұрып алды,
Естілген бір әуені әуел баста-ақ.
Шал айтқан әңгіменің бір ырғасы,
Жас ару өксуменен ғұмыр жасы.
Өтіпті сүйген жарын аңсап, іздеп,
Ағылып кеудеден – зар, көзден – жасы.
Сыңарын аққу – ару іздейді екен,
Айдында баяғыдай жүзбейді екен.
Келмеске кеткен жарды,
Бір көрсем деп,
Сыңарын қайта-қайта іздейді екен.
Ақсақал бітіргесін әңгімесін,
Сәкеннің сезім билеп жан-денесін.
Жөн сұрап тез аттанып кетті Сәкен,
Сол ару осы маңда бар дегесін.
Әлгі әуен құлағында қайта маздап,
Қосылып оны өзі де айта жаздап.
Аттанды ақсақалдың сілтеуімен,
Бар дертті жүректегі қайта қозғап.
Айтқаны ақсақалдың қабыл екен,
Атауы бұл ауылдың – «Шабыра» екен.
Есімі жас арудың – Хабиба қыз,
Жігіттің соры ма екен, бағы ма екен?!
Ауылға бірте-бірте жақындады,
Бейне бір ашылардай ақын бағы.
Сол әуен...
Әлгі өзіне таныс әуен,
Жүрегі жалын атып, лапылдады...
Бұл ауыл күнде жиын,
Күнде думан.
Жалығып көрген емес айғай-шудан.
Өңкей бір,
Өнері асқан қыз бен жігіт,
Баяғы ата-баба жолын қуған.
У да шу,
Ығы-жығы той осында,
Өнерін өңшең өндір аясын ба?
Қосылып ән салады екеу-екеу,
Тербеліп алтыбақан аясында.
Сәкен де жетіп еді тағат таппай,
Жүрегі кеудесінде тулап аттай.
Бір әуен шалқып кетті,
Балқып кетті –
Қалт етіп әлгі жерге қалды тоқтай.
Құлақтан кетпей қойған ғажап әуен,
Шарықтап аспан асты – таза ауамен.
Қалықтап қанат қағып тұрып алды,
Бұл неткен сиқырлы саз –
Гөзал әлем.
Салдыртып салқын самал сай көбелеп,
Телміріп аспандағы ай да кенет.
Сәкенді осы араға алып келген,
Қандай күш,
Қай құдірет,
Қай кереметі
Ару қыз –
Алқалы топ арасында,
Аққудай,
Тұр малынып бар асылға.
Қолында домбырасы,
Нәзік саусақ,
Шертеді –
Бір керемет бар осында.
Алдында бір ғажайып күй басталып,
Аяғы әнге айналды,
Сымбаттанып,
Нұрланып,
Сан қырланып ғажап әуен,
Танытты тәтті қылық,
Қимас қалып.
Жүректің осы шығар ізгі өлеңі,
Жігітке жақын тартып қыз келеді.
Барады барған сайын баурап әуен,
Сәкеннің осы еді ғой іздегені.
Сәкеннің осы еді ғой аңсағаны,
Ескендей қарсы алдынан таң самалы.
Арудың әуеніне,
Адам түгіл,
Айнала, бар табиғат тамсанады.
Бейне бір құдіреттей құрықталған,
Бұл неткен ғажайып саз ырықты алған.
Аққу-қаз айдынына қона қалып,
Аң біткен құлақ түріп,
Тұрып қалған.
Па, шіркін,
Хабиба қыз осы болар,
Он бес пе,
Он алты ма – жасы болар.
Жан-жағы жапырлаған құрбы-қыздар,
Бір-бірін құшақтасып қосып алар.
Үстінде зерлі қамзол,
Кимешегі,
Өзіне қандай әсем үйлеседі.
Қасына жетіп барып,
Тұрмақ болып –
Сәкен де,
Әрі-сәрі күй кешеді.
Тұрғанда дәл осылай шерменде боп,
Көйлегі етегінің желмен кенет
Кеткенде көтеріліп,
Хабиба қыз:
«Ей, жігіт, қарап тұрма, бермен кел!» – деп.
О, ғажап!
Дәл осылай тіл қатқаны.
Көңілдің арылғандай зіл-батпаны.
Оралып арулардың етегіне,
Жан-жағын қызыл-жасыл гүл қаптады.
Ән күші жас жігітті желіктетіп,
Еріксіз жүрек де еріп кетіп.
Ғажайып бір бақытқа кенелгендей,
Сол гүлдің арасына еніп кетіп.
Бұл да бір думан еді ел көргендей,
Кеудені қуаныштан жел кергендей.
Даланың барлық көлі толқып-шалқып,
Даланың барлық гүлі тербелгендей.
Асқар тау,
Байтақ дала,
Қалың орман,
Ән тыңдап,
Әсер алып, бағы жанған.
Ән ғана жеткізеді жүрек сырын,
Басқаның махаббаттан
Бәрі жалған.
Басқаның махаббаттан бәрі бекер,
Сол ғана тау-жартасты жарып өтер.
Ән ғана әлдилейді қам көңілді,
Өмірдің ән болмаса нәрі кетер.
Ән ғана шығарады ата даңқын,
Жандырып жүректердің махаббатын.
Арманды аңсар болған,
Сол әуенге,
Қосылды –
Хабиба қыз,
Сәкен ақын:
– Қамысы «Әупілдектің» мүше-мүше,
Сарғайдым осынау көлдің суын іше.
Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,
Бармас па ем, қалқатайға әлденеше...
Қар басты Әупілдектің қамыстарын,
Айтады әркім көрген қасірет зарын.
Түседі қайғылығы қара тұман,
Кім білген сол тұманның ашыларын.
Еріксіз Әупілдекті мекен еттім,
Жасым жас он алтыға жаңа жеттім.
Айырған қос ғашықты еңіретіп,
Ісіне бар ма шара құдіреттің!..
Байқады мұңлы қыздың сырын, кейпін.
Жүрегін қатты соғып, дірілдейтін.
Тылсымын,
Тұңғиыққа, ішке бүккен,
Басқаға бір өзінен білінбейтін.
Басқаға бір өзінен байқалмайтын,
Күй кешіп,
Бір оңаша ой толғайтын.
Таңсығын таныта алмай жүрегінің,
Жан сырын жан адамға айта алмайтын.
Іздейді –
Білмейді оның кім екенін,
Өтірік,
Әлде өткір шын екенін.
Шаттық па,
Шабытты шақ –
Шалқар көңіл,
Әлде зар,
Әлде зауық,
Мұң екенін.
Білмейді,
Өзге де оны біліп болмас,
Жанына ұяласа –
Ұмыт қалмас.
Бір күні –
Не ұрынар,
Не жұлынар,
Бәрібір бір қиялға іліккен Бас.
Сәкенге қарап қалды Хабиба да,
Көз нұры –
Жақұттан ба,
Лағылдан ба?
Апыр-ай,
Бірден баурап бара жатыр,
Бір сезім сөйтуші еді сағынғанда.
Бір сезім шарпығандай тұла бойды,
Дал болды түсіне алмай мына жайды.
Кіріптар күйге түскен мына қалпын,
Бірақ, ол –
Жан адамнан сұрамады.
Біледі жалғыз өзі –
өзі ғана.
Басталып бір бақыттың кезі жаңа.
Сұлу мұрт,
Сыптығырдай,
Сұңғақ бойлы,
Жанып тұр шұғыладай көзі ғана.
Сол көздің шуағына оранғандай,
Алдынан жаңа мақсат жол алғандай.
Бел шешіп,
Бір биікке шықпақ болып,
Бекеніп,
Серт берісіп қол алғандай.
– Хабиба! – деді Сәкен, –
Өзің бе едің?!
Бір әуен естігенім, сезінгенім,
Бір әннің әуенімен ояндым да,
Іздедім,
Содан кейін көз ілмедім.
Талай күн болды соны іздегелі,
Тартты да қыран-қиял түзге мені.
Мінеки, енді соны тауып тұрмын,
Жалғасын сол әуеннің үзбегелі.
Жүріп ем,
Желіп бір күн, шауып бір күн,
Сол әнді іздей-іздей тауып тұрмын.
Дерт еді осы бір ен маған дағы,
Сол дертті өзің ғана сауықтырдың.
Жігіттің жаралғандай бағына бір,
Бұл неткен,
Сиқырлы саз мағына-жыр.
Аңсаған –
Жан шәрбатын қандырайын,
Шырқашы,
Осынау әнді тағы да бір:
– Қамысы Әупілдектің мүше-мүше,
Сарғайдым осынау көлдің суын іше.
Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,
Бармас па ем, қалқатайға әлденеше
Жел соқты Әупілдектің қамыстарын,
Айтады әркім көрген қасірет зарын.
Түседі қайғылыға қара тұман,
Кім білер сол тұманның ашыларын?
Еріксіз Әупілдекті мекен еттім,
Жасым жас жиырмаға жаңа жеттім!
Айырған қос ғашықты еңіретіп,
Ісіне шара бар ма, құдіреттің!...
Қосылып айтты екеуі,
Тағы, тағы...
Қос ғашық ән тиегін ағытады.
Сәкен де қарап тұрмай,
Хабибаға,
Әзілмен арасында қағытады.
– Жан байғұс махаббатын тапты мәңгі,
Қайта бас көтерместей қатты уанды...
Өлеңнің сұр мергені өзім едім,
Ақыры іздеп таптым аққу әнді.
Самал жел,
Сахарада.
Сағым дала.
Ашқандай асыл ару бағын жаңа.
Тылсым сыр жүрегінен бастау алып,
Тіл қатпай тұра алмады – Хабиба да:
– Еркесі ер жігіттің елде болар,
Қызыл гүл,
Қызыққанға белде болар.
Сұр мерген өз аққуын іздеп келсе,
Ол аққу –
Шөлге қонбас,
Көлге қонар!
Жанары Хабибаның шоқтай жанып,
Жүрегі алау-жалын отқа айналып.
Алдында арман-асу,
Жол алыс-ты...
Екі жас қол алысты
Тоқтай қалып.
Жүректің бұзылса да тас қамалы,
Жоқ еді жолаушының басқа амалы.
Қимастай Хабибаның қолын қысып,
Таң ата,
Ақын Сәкен аттанады.
Ақын да тағат таппай ой толғанып,
Ғажайып мына жайға аң-таң қалып.
Жалғыз-ақ аттанарда айтқан сөзі,
– Мен тағы...
Келем, – деді, – қайта айналып!
Аттанды –
Аққу сезім құшағында,
Торығып жас кеудесі құса-мұңға.
Өзі де Аққу болып кеткендейін,
Білмейді қонарын да,
Ұшарын да.
Көңілін желпіндіріп майдан желік,
Білмейді
Қайдан кетті,
Қайдан келіп?!...
Ал, өзі –
Ақбоз аттың сауырында,
Тағдыры бара жатыр қайда өңгеріп!
Көрген жоқ мұндай ғажап,
Аққұбаны,
Кеудеде – құйқылжиды Аққу әні.
Маңдайға жалғыз рет жазылғандай,
Жалғанда –
Енді қандай сәт туады?!
Көңілі Сәкеннің де босай түсіп,
Әуенін махаббаттың қоса айтысып.
Шолпылдап «Шабыра» көл толқындары,
Қол бұлғап,
Қала берді қош айтысып.
Бір қарап қимастықпен жүрерінде,
Жырға орап мақсатын да, тілегін де.
Сәкенмен бірге кетіп бара жатты,
Сыңғырлап аққу әуен жүрегінде.
– ... Не сыр бар осы көлдің аясында,
Ну қамыс судырлаған саясында?
Естілді аққу құстың үні мұңлы,
Не сыр бар ақ сұлудың ұясында?..
Сұңкылдап аққу құс та жылай ма екен,
Ол дағы көздің жасын бұлай ма екен.
Айналып ұясында балаларын,
Елжіреп, сипап байғұс сылай ма екен?
Сыңси ма аққу жасын төгілдіріп,
Еңіреп, жүрек, бауырын егілдіріп.
Әлде ол ұясында қоштаса ма,
Толғанып ақ балапан көгілдірін.
Аққу құс іздей ме екен ұяласын,
Сұңқылдап төгіп мендей көздің жасын.
Аққуға Әупілдек құс ұн қосады,
Әупілдеп күңіреніп көлдің басын.
Әупілдек көл астында тұншығады,
Күңіреніп көл астынан үн шығады.
Серпіліп тұншықтырған қара тұман,
Зарлыға қашан жарық күн шығады?!
Әупілдек тұңғиықты көтереді,
Көтерсе, көлді ойран етер еді.
Тағдыр да рақымы жоқ, меңіреу ғой,
Күш берсе тұншыққанға нетер еді!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter