Поэмалар ✍️
АҚШЫҒАНАҚ АЙҚАСЫ
Ақ патшаның солдаты
Шамасы бар екі жүз.
Атыс, шабыс боп жатыр
Ақшығанақ – бекініс.
Жаудың бетін қайтарған,
Шын жауынгер емес пе?!
Ақ селеуі жайқалған,
Ақшығанақ – дөңесте.
Күнге беріп арқасын,
Құбылады әр мезет.
Арғы беті – Сартосын,
Бергі беті – Сарыөзек.
Ақшығанақ тап осы
Мекен болған бұл ара.
Торғай өзен жағасы –
Тік жарлауыт құлама.
Алмақ бәрін осы күн
Қорқытып та, үркітіп.
Жар астында жасырын
Қалың әскер тұр күтіп.
Біздің әскер – бұл әскер,
Жендеттермен шайқаспақ.
Қыр басында бір-екеу,
Хабар бермек байқастап.
Жан біткендей тастарға,
Діріл қаға бастады.
Бір-ақ шықты аспанға
Ақшығанақ ақ шаңы.
Араласып ақ шаңмен
Қалың әскер тоғысып.
Қару жұмсап бас салған
Бір-бірімен соғысып.
Кейкі мерген қол бастап.
Атой салып ақырды.
Тақымында Шалқасқа ат
Амангелді батырдың.
Жар астынан жарқ етті,
Жолбарыстай атылып.
Қайың шоқпар сарт етті
Сілтегенін қатырып.
Содан кейін, мылтықтан
Жүздеген оқ жаудырып.
Беттей алмай бір дұшпан
Тастады естен тандырып.
Байланғандай тіл, жағы,
Бағаналар тізіліп.
Телеграф сымдары
Жатты бырт-бырт үзіліп.
Тасқын судай таудағы,
Бір зіл бардай артында.
Тез жиылып жау жағы,
Қайта басты қарқынға.
Құртып жатыр біртіндеп,
Оқ өтінде кім тұрмақ.
Зеңбіректер зіркілдеп,
Пулеметтер бұрқылдап.
Қашты бәрі бетімен,
Қарсы тұрар бірі жоқ.
Шытырлатып шетінен,
Шыдататын түрі жоқ.
Осы шығар жеңілген,
Опат болып арманы.
Ақ патшаға берілген,
Жәнібектің баллары.
Жатқан шығар кіріспей
Жау жағадан алғанда.
Елдің басы бірікпей
Есеңгіреп қалған ба?!
Ішке қарай жау өтіп,
Кете ме деп тосылған.
Сәтінде бір, сау етіп
Шолақ Оспан қосылған.
Соңына ерткен әскері,
Екі жүз бе, үш жүз бе?
Жанғандай-ақ өшкені
Қосылды тың күш бізге.
Бұған бәрі таңданған,
Не болды деп бұл күні.
Шолақ Оспан хан болған,
Жәнібектің тұқымы.
Болса да елдің сұлтаны,
Шет қала алмай ұрыстан.
Хас батырдың ұрпағы,
Намысына тырысқан.
Жау әскері шошынды,
Бұл көріністің кейпіне.
Қалың әскер қосылды
Амангелді, Кейкіге.
Бір бүйірден килікті,
Шығып жардың астынан.
Қалың жауға шүйлікті
Жақиядай жас қыран.
Бесатары қолында,
Елден ерек тым ісі.
Мірке, Мерген соңында,
Тел қозыдай інісі.
Бұл жігіттер жан-жақты
Көпке тиген батасы.
Қойдай қырған қалмақты –
Ер Қарабас атасы.
Сол атаның баллары,
Осал емес бүгінде.
Зор шайқастың салмағы –
Көтеретін жүгінде.
Жақиядай жас батыр,
Жасқанатын жоқ түрі.
Көз аштырмас сұрапыл
Ескен желдей екпіні.
Атын атап аруақтың
Жанталасып жүгірді.
Барақ пенен Бармақтың
Жалғасындай бүгінгі.
Қанға бөгіп терлігі,
Қалды аттар азайып.
Ер Кейкінің ерлігі
Ертегідей ғажайып.
Қақтығыстың басынан,
Кетпес үшін қапыда.
Ер Кейкінің қасынан
Қалмай қойды Жақия.
Ер Сардарда билігі,
Жіберсе тек еркіне.
Жақияның қимылы
Ұнап қалды Кейкіге.
Бір сәт дамыл алғанда,
Сыңай беріп қолдаған.
Деді Кейкі Сардарға:
– Жақияны бер маған!
Қашатындай жау бұдан,
Өсіп қалды мерейім,
Балапандай баулыған,
Өзім баптап көрейін.
Сардар айтты:
– Жөн екен,
Сөзіңнің жоқ бөтені.
Қолтығынан демесең,
Тез жетіліп кетеді.
Серт секілді осы нақ,
Бұғып жатқан аулақта.
Жақияны қосып ап,
Аттан салды жау жаққа.
Атыс, шабыс, қақтығыс,
Найза, шоқпар, қылыштың,
Пулеметке соқтығып,
Қызған шағы ұрыстың.
Дұшпан жағы түнерді,
Кірісе алмай нақ батып.
Шолақ Оспан жіберді
Қалың қолын қаптатып.
Әскер қолы жетерлік,
Жүк көтерген мың батпан.
Шұбар туын көтеріп,
Кейкі шықты бір жақтан.
Мінген аты ойқастап,
Омыраулап, алқымдап,
Жақия жүр шайқаста,
Жай оғындай жарқылдап.
Көрмей мұндай соғысты,
Бас қоса алмай топтанып,
Ақ әскері ығысты,
Ақтөбені бетке алып.
Айтар болсақ түйінін,
Зор шайқастың сондағы.
Бекіністің үйінің
Сау-тамтығы қалмады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter