Поэмалар ✍️
ТАТЫР ТАРТЫСЫ
Жарақты жаудың әскері
Татырға тақап қалды деп,
Жауынгер өңшең жас пері
Дабылдап атой салды кеп.
Ен даланы еркіндеп
Шайқасар кез келді деп,
«Мен атайын, сен тұр!» – деп
Шеттерінен ержүрек.
Амангелді бастаған,
Кейкі батыр қостаған.
Қанаттарын қаққанда,
Қалың жауды жасқаған.
Келе қалса жекпе-жек
Талайларын шөмпитті.
Ткаченко – көк төбет,
Соңына ертіп көп итті
Келе жатыр ырылдап,
Мұздай болып киінген.
Біздің әскер қырындап,
Тиіспекші бүйірден.
Жеткізгендей зар-мұңын,
Ақ сәулесі азанның.
Айтар болсақ дәл күнін,
Жиырма бірі қазанның.
Ештеңеге қарамас,
Тастайтындай қырып бір.
Қарлы-жаңбыр аралас,
Қара суық ұрып тұр.
Тастайтындай талқан ғып,
Шиті мылтық, шабан ат.
Алқымында Алқаудың,
Сарысуды сағалап.
Еркін елдің намысы,
Ойнатқандай найзағай.
Сужарғанның қамысы,
Бір-бір талы найзадай.
Әр жанарда жайнап от,
Әр жүректе нұр бардай...
Нар қамыстар найза боп,
Атылғалы тұрғандай.
Секілденіп аш бөрі,
Екі көзі қанталап.
Ақ қазақтың әскері
Келіп қалды анталап.
Одан артық жақын жер,
Болмаған соң бұрлығып.
Тасасында Татыр көл,
Біздің әскер тұр бұғып.
Астаң-кестең сол күні,
Жел де – жаудай жұлқынып.
Татыр көлдің толқыны
Дөңбекшиді бұлқынып.
Жықпыл-жықпыл жарлардың
Арасынан ат ойнап.
Қалың қолы Сардардың
Шыға келді атойлап.
Жан-жағынан бүрмелеп,
Тастайтындай жеміріп.
Күтпеген жау «бұл не?» деп
Қалды шаңға көміліп.
Соққаннан соң қапыда,
Бір-ақ ұрып мұншасын.
Пулеметпен атуға
Келтірмеді мұршасын.
Шиті мылтық, құс мылтық,
Қосауыз бар құлақты.
Кейкі батыр «ысқыртып»
Бірнешеуін құлатты.
Төтеден кеп қосылған,
Төкеұлы Хакімбек.
Қалың жауды жосылған,
Талқан қылды жақын кеп.
Талқандамай немене,
Ақты судай жоса қан.
Оқ тисе де денеге –
Бауыр бүтін, бас аман.
Үрікпе де, қорықпа,
Кейкі батыр – қорғаны.
Жанталасқан жорықта
Жан шықпаса болғаны.
Ақ қазақтар әп-сәтте
Алды бірден ес жиып.
Зеңбіректер асқақтап,
Шыға келді состиып.
Шыққан бетте от бүркіп,
Жалын құса жөнелді.
Ажал уын септіріп,
Тітіркентті денеңді.
Ашып ауыз аранын,
Жалын атып тұр демі.
Бет қаратпай барады,
Бекем басып ілгері.
Осы сәтте ойқастап,
Шықты дейсің ер Кейкі.
Жан-жағынан байқастап
Ақ семсерін сермеді.
Бесатарды белінен
Қайта-қайта босатып.
Қосақтаса онымен
Қосауызды қоса атып.
Көп уақыт өткізбей,
Бес қаруын түзеді.
Зеңбірекке жеткізбей,
Жау желкесін үзеді.
Жау жүйкесін шаршатып,
Оғын бебеу қақтырды.
Пулеметке қарсы атып,
Қалың шаңға қаптырды.
Ер жауынгер жүректі,
Суда жүзген балықтай.
Өзіне атқан бір оқты
Өн бойына дарытпай.
Белгісіз боп не екені
Жау шебінен құтылып.
Ойда жоқта кетеді
Сумаң етіп, сытылып.
Нұсқағаны мүлт кетпей,
Жалпағынан түсірді.
Орыс болса бір текті
Бәрін жау деп түсінді.
Бөліп көрген жан емес,
Аққа және қызылға.
Бойындағы ерегес –
Жау деген бір құзғынға.
Түстен кейін күш алып,
Ткаченко – жау жағы.
Қалың елді құса ғып,
Қалың әскер қаулады.
Амангелді бастаған,
Кейкі батыр қостаған.
Аз ғана топ айқасты
Қалың жаудан қашпаған.
Сезіп жаудың айбарын,
Қоймай өзін ерікке.
Татыр көлдің сайларын
Толтырғанша өлікке.
Өліп-өшіп айқасты,
Жан алысып, жан беріп.
Болып кетті сел-тасқын
Қара жерді қан көміп.
Қалды батыр қамығып,
Азайған соң аумағы.
...Қара түнді жамылып,
Қайтып кетті жау жағы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter