Поэмалар ✍️
КЕЙКІ БАТЫР ХИКАЯСЫ
Торғайдың ұлан-байтақ даласында,
Жыланшық-Жайылманың арасында.
Керемет Кейкі деген батыр өткен,
Қазақтың ондай жан жоқ баласында.
Қалдырмай хикаясын айтып берсем.
Тыңдаушым, рас сөзге нанасың ба?
Еткен аз ондай ерлік бұл өлкеде
Жылдардың он алтыншы шамасында.
Жасында атышулы ұры болған
Байлардың кәсіп қылып панасында.
Алғанын алаламай бөлін берген
Малы жоқ – кедей-кепшік, шарасызға.
Сандалтқан садақ оғын бала күннен
Сарторғай, Қараторғай саласында,
Қашқан аң құтылмаған атқан оқтан,
Білгенге мергендіктің мәні осында.
Досына қылша мойнын кесіп берер
Қылаудай қиянат жоқ санасында.
Қастасса қабағынан қар жаудырып.
Қалың ел қорқады екен жанасуға.
Бетінің бедірейіп түгі шығып,
Шаншыған қаны сыймай қанасына.
Көгеріп тұла бойы кетеді екен,
Көзінің қара қалмай шарасында.
...Содан соң жортуылға шығады екен,
Қалдырмай жолдасын да, жорасын да.
***
Жайлаған Торғай бойын Арғын, Қыпшақ,
Көктемде Қырға шығып, Сырды қыстап.
Жерінің шұрайының арқасында,
Өлмеген лағы да жаман тышқақ.
Мыңғыртып осы өлкеде мал айдаған,
Қарасып бір-біріне қарайлаған.
Ұры ұстап ірі байлар бесеу-алтау,
Байлықтың бүтіндігін және ойлаған.
Біреуі сондай байдың Әбдіқапар,
Байлардан мойны озық өзі қатар.
Сарторғай айдын-шалқар тасығанда,
Көш келіп қонады екен ақар-шақар.
Өргізіп осы арадан туған төлін,
Көшеді қайыстырып жердің белін.
Жарты күн сауылмаса сиырлары,
Тырсиып шыдатпаған сыздап желін.
Кешкілік ұбап-шұбап байдың малы,
Құлындар жалт-жұлт етіп құйрық-жалы.
Биелер бір-біріне иек артса,
Азынап шыға келер айғырлары.
Биыл да келіп қонды Маятасқа,
Ойлама жайлау жоқ деп одан басқа.
Әркімнің өзіне тән жұмысы бар,
Ешкім жоқ дайын тұрған даяр асқа.
Бағады біреу құлын, біреу бота,
Той болса тарайды екен ел таң ата.
Аттылар ағылады әр қай жақтан,
Желдіртіп, бірі шауып құйындата.
Бұл жерде жылқышы да, қойшы да жүр,
Айғайшы, сайқымазақ, тойшы да жүр.
Білекті балуан да, батыр да бар,
Қарайлап тоқталайын қайсына бір.
Бұл жолғы бас қосудың бар мәнісі,
Қалмады жұрттың басқа алданышы.
Қарадан хан сайланбақ – үлкен үрдіс,
Сол еді Әбдіғапар арман – ісі.
Бұл күнде Әбдіғапар байдың байы,
Шалқыған абыройы айдындайы.
Барады соңғы кезде сабырлы Ерді,
Көбірек алаңдатып елдің жайы.
Жарасар бай десең де, Ер десең де,
Тарихқа терең тартып тергесең де.
Көрейін ел сөзімен сүгіреттеп,
Қазақтың соңғы ханын көрмесем де.
Аққұба, дөңгелек жүз, жазық маңдай,
Сыпайы, көз қарасы сөз ұққандай.
Сол кездің айналасы аз ғана әжім –
Соқпағы соңғы жылдың қажытқандай.
Емес ол ебедейсіз, еңгезердей.
Жақындап, жұғысқанды жөн көргендей.
Білмейді ұсақ-түйек пыш-пышыңды,
Қаймана қайдағы бір пенделердей.
Оншама бойшаң да емес, тапал да емес,
Ақжүрек, тым мейірбан, қатал да емес.
Кетпейді тым иіліп, тым шүйіліп,
Ашушаң жасамайды беталды егес.
Көрінер қайратты да, айбатты да,
Қолдайды кедейді де, бай жақты да.
Батыр боп алма-ғайып заман туса,
Дайын ол көтеруге байрақты да.
Халқының қай кезде де иегері,
Сол үшін отқа түсіп, күйер еді.
Күн туса ел басына екіталай,
Кейкі мен Амангелді сүйенері.
Оқушым, осы жайды біл ұғынып,
Әдейі тұрғаным жоқ ірі қылып.
Түбінде бір керегі болар-ау деп,
Ұстаған екеуін де «ұры» қылып.
Үйреткен ұрлыққа да, қарлыққа да,
Темірдей тәртіпке де, жарлыққа да.
Мәпелеп, дәл осылай тәрбиелеп,
Үйреткен шәкірттерін барлық дана.
Сарторғай, Қараторғай мекенінде,
Мерген боп өсіп-өнді екеуі де.
Қасынан қалдырмады Әбдіғапар,
Кетпеді әлдекімнің жетегінде.
Бірі – қол, енді бірі – көз мерген боп,
Пікірі көпке дейін өзгерген жоқ.
Әзірге екі мерген той ішінде,
Дүбірге «он алтыншы» кез келген жоқ.
***
Айтылар асыл сөздің мәні бөлек,
Бұл тойдың басқа тойдан жөні бөлек.
Жөні бар Әбдіғапар хан сайланбақ,
Тұрған соң жұрты қоштап, елі демеп.
Көрсетіп жатыр жұртқа әркім өнер,
Бірі – әнші, бірі – жыршы сөзге шебер.
Кейкі мен Амангелді жан-жағына,
Жиылып, шоғырланып қапты көп ел.
Бұл тойдың өзге тойдан мәні бар ма,
Әркім-ақ алаңдаулы соны ұғарға
Бір ұрып белдескенін шыдатпайды,
Атақты жас Таңатқан палуан да.
Әуені әзер тынды түн аудара.
Мынау бай демеді ешкім, мынау қара.
Сол тойда қалың елді риза қылды.
Атақты Нұрхан деген жырау бала.
Сапырып осындайда он салатын.
Оның да өнері бар тамсанатын.
Есілтіп есті сөзден есе бермес,
Келіпті Есіл жақтан Қарсақ ақын.
Байлар жүр жағаларын құндыздатқан,
Кедей ме, жай шаруа ма келе жатқан.
Біразы Ұлытау мен Қарсақпайдан,
Бар тағы – Қарабұтақ, Ырғыз жақтан.
Бәріне сый-сыбаға беріп бірдей,
Ортада Әбдіғапар тұрған дүрдей
Алдына ақ орданың шығып алып,
Қарайды кең далаға кемеңгердей.
Ат жарыс, бір жағында атан жарыс,
Бәрі де болып жатыр бет алған іс.
Күлкіге қарық қылып Жолдас та жүр,
Қалыпты мұндай тойдан қашан алыс.
Күмпілдеп балдай қымыз саба-саба,
Кемпір-шал бәрі сонда, бала-шаға.
Бәрінің жүзі – жайраң, жаны – мейрам.
Бір ғажап жолыққан соң тамашаға.
Ақыры орындалып ойға алғаны,
Осылай Әбдіғапар той қамдады.
Торғайдың өзі болды нағыз байы,
Жиылмай жататұғын жайған малы.
Ойлантып малдан гөрі халық қамы,
Ау-жайын ел-жұртының анықтады.
Елінің басын қосып, асын тосып,
Көңілі шағаладай шарықтады.
Көңілі – ақ шағала, халқы – айдын,
Куәсі болды жұрты талай жайдың.
Той болып жатты сонда ұлан-асыр,
Арасы Маятас пен Көртоғайдың.
***
Аңыз көп Кейкі жайлы андыздаған,
Айлакер ешбір жауға алғызбаған.
Еліріп ерлік ісін естігенде,
Адам жоқ атып тұрып қан қызбаған.
Қараса қабақ түйіп, сұстылықпен,
Алыстан аң да қашып, құс та үріккен.
Болады айналасы бір кем емес,
Бейне бір соққан дүлей үскіріктен.
Жүреді қаймықпастан, қысылмастан,
Қарны ашса жылан жеген ұшынбастан.
Өркеуде, өркөкірек талайларды,
Келтіріп тәубасына мысын басқан.
Күн кешкен мал-мүлікке қарамай-ақ,
Иті бар ертіп алған қарамойнақ.
Астында арқыраған арғымағы,
Айтқанын екі етпейтін баладай-ақ.
Құр қалмай айлы түнде, ашық таңнан.
Жасынан киік ату машық болған.
Аң аулап бір ауылға барып жүріп,
Ақжандай ару қызға ғашық болған.
Танысып ару қыздың үйіменен,
Баруы сол ауылға жиілеген.
Кейкіге қыз әкесі әзілдепті:
«Тапқаның біздің қыз ба дүйім елден?»
Кейкінің жас кезі ғой лапылдаған,
Әзілін ақсақалдың мақұлдаған.
«Үш жүзді күні-түні шарласам да,
Табылмас Сіздің қыздай қатын маған!»
Демеңіз: «Мінезін-ай, мұның осы!..»
Кейкінің әзілі де, шыны да осы.
Қарайды шал шаттанып дегендейін:
«Қарғам-ай, қайда жүрсең тірі болшы!
– Балам-ай! – деді шал да қолын жайып:
– Жарасып жар бола гөр ерге лайық.
Жұптарың жазылмасын, қайда болсын,
Туса да не бір заман алма-ғайып.
Жүріңдер қайда болсын есен-аман,
Біледі болашақты бақ пен талан.
Қарайлап маған алаң боп жүрмеңдер,
Күнімде тойға барғам бұдан жаман.
Кейкіжан, сен әзірге бала мерген,
Дәм таттың тау-тас кезіп талай жерден
«У ішсең – руыңмен» деген сөз бар,
Ешқашан бөлінбесін іргең елден.
Соны айтып қыз әкесі қолын жайды,
Қосқандай бір-біріне құлын-тайды.
...Аттанып аң аулауға кетті екеуі,
Қосылып бірге шырқап «Қалқатайды».
***
Жағасы Қараторғай қалың ағаш,
Жалғасқан одан әрі тау менен тас.
Таңғалды Кейкі жары – Ақжан ару,
Бұл жерді өз көзімен көріп алғаш.
Кең дала кешіп кетсең гүл алқабы,
Көруге жас келіншек құмартады.
Тұрғандай бір-біріне белгі беріп,
«Екі дің» екі жақтан мұнартады.
«Көртоғай» көрінеді ойлау жерде,
Сыңсыған жасыл орман қойнау, белде.
Бір қызық киік атып көрмек болып,
Қос атты бет түзеді «Жайлаукөлге».
Екеуі «Жайлаукөлге» бетін жуып,
Келгендей жолаушылап жүріп суыт.
Елегзіп ен далада екеуі де,
Ойнады бірі – қашып, бірі – қуып.
Ойнайды бірі – қашып, бірі – жетпей,
Ойды орап, сай сағалап, қырды көктей.
Кейде Ақжан бір қуысқа кіріп алып,
Жатады жасырынып қыбыр етпей.
Болады Кейкі әуре айнала іздеп,
«Ақжантай, мен сүйетін қайда қыз?» – деп.
Жіберсе бес атарын басып-басып,
Құс біткен топырлайды ондап, жүздеп.
Осылай қызық көрген Кейкі жары,
Баладай сәби көңіл бейкүнә әлі.
Бір әнін Біржан салдың ыңылдайды,
«Аты жоқ құс болады»... дейтін әні.
«Аты жоқ құс болады – көкек деген»
Деп Ақжан тастан тасқа секектеген.
Кейкі де суат жақтан оралады,
Бір атты мініп, бірін жетектеген.
Ерігіп енді Ақжанда маза қалмай,
Кейкіні қайта-қайта қажағандай.
Кейкі де өп-өтірік кіжінеді,
– Бұл саған берсем екен «жаза» қандай?
Шап беріп, содан кейін ұстап алып.
Шығармай уысынан қысқаны анық.
Өзіне түсінікті «ым» қағады,
Қайтайық дегендейін «тысқа» барып.
Ақжанда шама қалмай суысуға,
Құп көрер қалт жібермей мұнысын да.
Жан-жақта жанды қара болмаса да,
Тау-тастың жасырынып қуысында.
Батады бір ғажайып рахатқа,
Бірер күн, болар бәлкім бірер апта.
Заңы ғой табиғаттың өзгермейтін
Оқушым «мұның не?» деп, кінә тақпа.
Осылай күндер өтті, айлар өтті,
Жаз-дағы өте шықты майда лепті.
Үйінен атасының жолықтырды,
Кейкіні деп жүргендер «қайда кетті?!»
Кейкі енді атасының ауылында,
Ақжан қыз айдай сұлу бауырында
Аралап ауыл-елді жүрді біраз
Қалдырмай қызық-думан, сауығын да.
***
Оқушым, демеңіздер қашан, қай күн?!
Біреуі ол Торғайдағы ірі байдың.
Қам жасап ас бермекке жатыр бүгін
Атақты Рахметі Шашамбайдың.
Әркімнің бұл тірлікте амалы бар,
Аз емес ақылдылар, саналылар.
Көрінген әкесіне ас бермейді,
Байдың да жомарты бар, сараңы бар.
Өмірде көгермейді қашып, бұққан,
Адал жан кенде болмас бақыт, құттан.
Біреуге алғаны бар, бергені бар,
Рахмет жомарттықпен аты шыққан.
Батырға нағыз ұқсас кейпі мүлде,
Бәрі бар ішетінің, жейтінің де.
«Ұры» ғып біраз уақыт баптап көрген,
Бір кезде Амангелді, Кейкіні де.
«Оқ жонар, – деген сөз бар, – ата көрген»,
Дәм-тұзын туған жердің тата берген
«Алдыңнан жарылқасын, ерлерім!» деп,
Шашамбай екеуіне бата берген.
Қашанда жөні бөлек өскен жердің,
Сол бақыт орны толса өшкендердің.
Батасы Ер Шашамбай қабыл болып,
Атағы дүркіреп тұр қос мергеннің.
Атады бірі – нұсқап, бірі – көздеп,
Айтылар олар жайлы жылы сөз көп.
Шоңқитып табан асты кете берер,
Дұшпандар оңашада қалса кез боп.
Тағы да Маятастың бөктеріне,
Жан-жақтан ағылған жұрт көп келуде.
Жиылды әлемге аян өңшең ноян,
Жыл толып Шашамбайдың өткеніне.
Ел-жұрттың әңгімесі екі батыр,
Айтуға, баяндауға жетіп жатыр.
Қаз-қатар сап түзеген ақ ордалар,
Ортада хандікіндей тіккен шатыр.
Шатырда Әбдіқапар ханның өзі,
Жай күнде жатқан бір бап – паңның өзі.
Алдына досы келсе бәйек болып,
Дұшпанға бас имейтін бар мінезі.
Бөлдірмей қос батырды сыңарынан,
Дегендей, шықсыншы бір құмарынан.
Аттырып ертелі-кеш күміс теңге,
Өткізді мергендерді сынағынан.
Мергендер қыздырғанда мерекені,
Осылай өсті дейсің ел өркені.
Аңыз боп еткен ісі қос батырдың,
Шарықтап кетті шарлап кең өлкені.
***
Бәйбіше өзі ажарлы, өзі пысық,
Қояды кең күбісін пісіп-пісіп.
Өзінің достарымен Кейкі батыр
Бір байдың үйінде отыр қымыз ішіп.
Демейді кім келсе де «бұл кім» еді,
Бәйбіше аш күзендей бүгіледі.
Құйылған қымыз толы кәрлен кесе
Кідірмей қолдан-қолға жүгіреді.
Ақ қымыз ақ табақта сапырылып,
Кейкіге жатыр жұрты жапырылып.
Қасында Ақжан сұлу өзі отырса,
Басқадан өтер емес батыр үміт.
Ақ үйдің ашып қойып қаусырмасын,
Көргендер бір-біріне қауқылдасып.
Кейкі де дос-жаранмен қалды бір сәт
Сырласып, сұхбаттасып, мауқын басып.
Қажасып, қалжыңдасып достарымен,
Көтеріп көңілдерін ас дәмімен.
Кейкі де осы тойда қунап қалды,
Жуысып, жолығысып жас-кәрімен.
Гулесіп бірін-бірі тойда мақтап,
Жайы жоқ жарамсақ боп байға жақпақ.
Көрмеген көптен бері дос-жарандар,
Кейкіден кетер емес айналақтап.
Әуелден әзілі аз да, сөзге сараң,
Шынында біздің Кейкең өзгеше адам.
Көтеріп бесатарын ұмтылады.
Дегендей: «табан асты тезге салам!»
Сонан соң жатпай өзі асып-сасып,
Жіберер бесатарын басып-басып.
Жиылған қасындағы жолдас-жора,
Қуысқа тығылады қашып-қашып.
Қымызы бәйбішенің Кейкіге ұнап,
Алғандай жанға – рахат, бойға – қуат.
Қалған кез күн еңкейіп екіндіге,
Маужырап ен далада алтын шуақ.
Қисайып киіз үйде Кейкі жатыр,
Айнала ештемеден етпей ғапыл.
Үстінде құрақ көрпе көсіледі,
Секілді жалғандағы жалғыз батыр.
Жазыққа киіз үйден көзін салып,
Қарады батыр бір кез ойға қалып.
Бір атты көлденеңдеп өте берді,
Құрдасы Еренғайып екені анық.
Асқандай өзге жұрттан бір өнері,
Ерекең ат үстінде шіренеді.
«Бұл итті тәубесіне келтірейін,
Тек сонда қадірімді білер еді?!»
Ерекең өзгеше жан жаратылған,
Басқадан мінезі бар дара тұрған
Жалғанда жалғыз өзі жүргендей-ақ,
Шығарып бұл тірлікті санасынан.
Керіліп, келе жатыр кердең қағып,
(Өзгеше болады екен елден нағып?!)
Қисынсыз құрдасының бұл мінезін
Әрдайым жүреді екен мерген бағып.
Еңбегі елден ерек кемеңгердей,
Өзінше жүретіні-ай болып дүрдей.
Болған соң екі-үш айлық кішілігі
Кейкіге кеткені бар сәлем бермей.
Кейкіні содан бері ыза буып,
Еренге қараушы еді түсі суып.
«Әп, бәлем, қапыңды бір табармын!» деп
Жүретін, қалды соның сәті туып.
Ойланбай тапаншасын қалды тартып,
Ерекең аттан ауды жүрген шалқып.
Гүрс етіп, бір домалап түсті жерге
Масқара бола бермес бұдан артық.
Қалың ел айналасын алды қоршап,
Жүргендер төңіректеп кетпей алшақ.
Үймелеп ұмар-жұмар тұрған жұрттың,
Сыртынан Кейкі тұрды қарап сол сәт.
Мерген деп кім ойлаған Кейкіні осал,
Екпінін дұшпанының бірден басар.
– Байғұс-ай! Жазығы жоқ жан еді! – деп
Ойбайлап туған-туыс, кемпір мен шал.
Еңіреп бірі жылап, бірі боздап,
Кіжініп Кейкі жаққа келе жаздап.
Қорқады тағы да атып тастай ма деп,
Ішінде айтылмаған біраз сөз қап.
– Білмейтін бұйығы жан елпеңдеулі,
Ешкімге жұғыспайтын, сенсең! – деді.
Сүйеніп таяғына бір қария,
Кейкінің қасына кеп кемсеңдеді:
– Құрдасың емес пе еді бір жыл туған,
Жайың жоқ жалығатын айқай-шудан.
Өлтіріп өз қолыңнан не көрінді,
Бір жан ғой ажал келсе от пен судан.
Жау емес, қастық қылып жақыныңа,
Не істедің – салмадың ба ақылыңа.
Уа, халқым, босқа тұрмай хабарлаңдар
Байғұстың баласы мен қатынына...
Теңкиіп бір төбеде Ерен жатыр,
Еренге батыр жайлап келе жатыр.
Қыбырлап жер бетінде көп домалап,
Өлмейді ұзақ жасар, мұндай пақыр.
Сенетін адам бар ма сірә, бұған,
Кейкінің құтылатын лаңынан.
– Тұр енді, есіңді жи! – деді-дағы,
Тұрғызды бір-ақ тартып құлағынан.
– Байғұс-ай, өлдім ғой! – деп есін кетті,
Шындасам, білесің ғой, біздің кепті.
Кердеңдеп, кеуде керіп жүре бермей,
Құрдасқа сәлем беріп жүрсең, нетті!
«Айыбың» соны маған жасамаған,
Құрдастан бой тасалап қаша ма адам?!
Көздедім өзіңді емес, таралғыңды,
Кейкіні демессің сен осал адам.
Мергені бұл даланың біз ендігі,
Бар шығар баста миың сезер мұны.
Шіреніп отырысың ұнамады,
Үзіп-ақ жіберердей үзеңгіні.
Кісіге сәлем беру – әдет-ғұрып.
Абайла, айналаңа мойын бұрып.
Алдыма бұл шіркін де бір келсін деп,
Тартып ем, таралғынды дәлдеп тұрып.
Құладың топшысына тиген құстай,
Қайтесің, шіренген соң мұрттай ұшпай.
Тағы да айтарым сол, топ ішінде,
Сәлем бер құрдасыңа қашпай, пыспай.
Ерен де ер жігіт қой сөзін бағып,
Батырдың бір оғынан аман қалып.
– Құрдасжан, кешір мені! – дей берді де,
Кейкіні тұрды біраз бауырға алып.
Қалың ел қаумалаған қуанысып,
Кейкінің ерлік ісін құп алысып.
Таңғалып мергендіктің мәнісіне,
Кейкіні сыйлап жатыр құрақ ұшып.
Той көп қой аман болса қашанда Ай, Күн
Шындықтан бірақ, шырқап аса алмаймын.
Ас беріп әкесіне жатыр бүгін,
Баласы Рахмет Шашамбайдың.
Шашекең қыпшақтағы асыл адам,
Алысқа несібесі шашыраған.
Күпініп кейбіреудей шашып-төгіп,
Мастанып байлығына тасымаған.
Кісі еді сөзге сараң, іске – берен,
Ақылы – ақ дария, ойы терең.
Әр істің байыбына барлап барып,
Адамды жаратпайды елең-селең.
Сыйынған аталары Тілеу, Қошқар,
Нияздың балаларын жаны қоштар.
Бәрін де білдігімен бір ұстайды,
Әйтпесе, қай кезде де дос бар, қас бар.
Әкесі Үдербайдың Иман батыр,
Халқы үшін шыбын жанын қиған батыр.
Мерт болып Кенесары жорығында –
Жерінде Әулие-Ата сонда жатыр.
Өзгеше болған дейді ол да мерген,
Азабын айтып болмас жолда көрген.
Оралып аман-есен Шәкір, Жәуке,
Бұйырған топырағы туған жерден.
Туады Үдербайдан Амангелді,
Онан соң қилы-қилы заман келді.
Оның да мергендігі байқалып жүр,
Әйтпесе, кім танымас талантты ерді.
Кейкімен қатарласып өсіп-бірге,
Арасы ажырамай күн мен түнде,
Құс аулап, киік атып, қасқыр қуып,
Құдайым ұшыратпа көз бен тілге!
Кейкінің арғы атасы Қошқарбай-ды,
(Ерліктен Қошқарбай да бос қалмайды).
Ерлігін Көкшедегі айтар болсам,
Атағы асқар таудай аспандайды.
Жасынан қас жауына қарсы тұрып,
Қалмақты қойдай қырып, баудай ұрып.
Бір өзі жол бастаған, қол бастаған,
Басқаға билік, теңдік, бермей ырық.
Топ жарып тайталасса батыр ерен,
Сыйынып Құлан Қыпшақ затыменен.
Зеренді түбіндегі Қошқарбай тау
Аталған сол батырдың атыменен.
Сол жерде Ер Қошқарбай қалды мәңгі,
Таратып соңына ерген бар құланды.
Жайлаған Есіл бойын қалың қыпшақ,
Тіреліп Жыланшыққа ірге салды.
Жайлаған Жыланшықты Шашамбай сал,
Қыпшақтан өсіп-өнген о да бір тал.
Баласы Рахмет асын беріп,
Жиылды бала-шаға, кемпір мен шал.
Асылы, бұлай деуім кемдік қылар,
Қалың ел тойға келмей қалай шыдар.
Рахмет үш жыл бойы сауын айтып,
Бас қосты Есіл, Торғай, Ор, Қызылжар.
Қармақшы, мына шеті қыр Қарсақпай,
Батыста Ырғыз, Шалқар – алтын тақтай.
Келіпті Ұлытаудан наймандар да –
Балталы, Бағаналы, Садыр, Матай.
Бұл жерде Арғыннан да Қыпшақ басым,
Ұстаған осы арада іс ноқтасын.
Қаз-қатар, еңгезердей өңшең ерлер,
Көзіңе елестетер сайдың тасын.
Жиылып өңшең жиын қара халық,
Бұл тойды бір биікке барады алып.
Кейкі мен Амангелді көрінеді,
Солардың арасынан дараланып.
Оларды бола қоймас ірі деуге,
Болады ірілердің бірі деуге.
Болғанда бірі бауыр, бірі бүйрек,
Бірі бас болған кезде, бірі кеуде.
Екеуі ажырамас тіл мен жақтай,
Қарайды кезіккенге кірпік қақпай.
Әнеки ілулі тұр алтын жамбы,
Жамбыны кім атады – бұлар атпай.
Атыстан басқалар да қалысқан жоқ,
Әркім-ақ өз әлінше намыстанбақ.
Шал да жүр, жас жігіт те, бала да жүр,
Атады бірі көздеп, бірі толғап.
Бәрі де әуреленді тигізе алмай,
Жамбыға садақ оғын шүйгізе алмай.
Кейбірі ызаланып, күйіп-пісіп,
Бойдағы күш-жігерді сыйғыза алмай.
Атады бірі – жатып, бірі – тұрып,
Шегініп, енді ілгері бірі жүріп.
Кейбірі құшырланып, құштарланып,
Кейбірі тымырайып, тыжырынып.
Жамбыға оғы тисе бақ қонады,
Тимесе көңілге дерт, дақ болады.
Кейбірі өле жаздап кіжінеді,
Жамбыға тие жаздап атқан оғы.
Атылды қанжығада бір оқ қалмай.
Бәрі де атып болды жырақ қалмай.
Кейбірі көңілімен, көзіменен,
Жамбыны жалп еткізіп құлатқандай.
Айтылып жеңіл қалжың, әзіл-оспақ,
Жатқан жоқ бірі жекіп, бірі жасқап.
Жамбыны кезек-кезек құлатады,
Бастаса – Амангелді, Кейкі – қостап.
Белгілі мергендердің тайынбасы,
Бейне бір осы сынды тойдың басы.
Атады бірі – көздеп, бірі – нұсқап.
Сол ғана екеуінің айырмасы.
Қалың ел қанық болып мына жайға,
Артпас, – деп екеуінен ақыл, айла.
Бәрі де ырза болып тарасыпты,
Келген жұрт бата қылып Шашамбайға.
Баласы Шашамбайдың Рахмет,
Айтыпты қос мергенге біраз тілек.
– Әкемнің асын тойға айналдырған.
Сендерде, туған елім, бар құдірет.
Кейкі мен Амангелді мергендерім.
Сендердің қандай жақсы келгендерің.
Ішіп-жеп, босқа тарап кетсе халық,
Сол еді онда менің өлген жерім! –
Жасаса ретімен жөнін тауып,
Халқымнан тарқамасын ойын-сауық.
Рахмет қос мергенді аттандырды,
Астына ат мінгізіп, шапан жауып.
***
Аяқтап Шашамбайдан ас пен тойын,
Әр қарай баяндайын Кейкі жайын.
Кейкінің мергендігі арта берді,
Ай асып, жылдар жылжып өткен сайын.
Ол – Кейкі батырындай бұрынғының,
Көргенде танымайсың түрін бүгін.
Аңыз көп мерген жайлы осы күні,
Тамамдап, тауысарсың қайсыбірін.
Шай ішіп үйінде отыр құрдасының,
Біледі қасиетін бір басының.
Әйелі құрдасының асқан сұлу,
Ішінде осы елдегі ұрғашының.
Қарақат қасы қандай – көзі қандай,
Қалады қараған жан көзін алмай.
Оймақтай ауызынан шыққан лебіз –
Секілді өзі – шекер, өзі – балдай.
Болмаса қара тастай – мұз жүрегі,
Қалмас-ау, шыдамыңыз Сіздің енді...
Шіркін-ай, осындай-ақ болған шығар,
Баяны баяғының, Қыз Жібегі.
Ұсынған қандай дерсің бал қымызы,
Кесеге құйылғандай таң жұлдызы.
Табылмас мұндай ару жер бетінен,
Секілді көктен түскен хордың қызы.
Қып-қызыл қан жүгіріп екі бетке,
Қымсынып, қарамайды төңірекке.
Кесесін Кейкі жиі ұсынады,
Кісідей шөлдеп, шаршап, көні кепкен.
Қимылы жас арудың білінбейді,
Қымызды құйған сайын күлімдейді.
Кесесін Кейкі қайта ұсынғанда,
Жүрегі құрдасының дірілдейді.
Есімі құрдасының – Есімсейіт,
(Есеке деуге келмес, солай дейік)
Басқандай бетін – қырау, қабағын қар,
Белгісіз отырғаны кімге кейіп.
Оң көзі солға қарап, ал сол көзі
Қайтадан жұмылады сәл-сәл қозып.
Әзірге былқ етпестей көрінеді,
Жонынан таспа тігіп алсаң-дағы.
Мойыны мол жығылып басады иық,
Еріні мұрынынан аса биік.
Самай таз екендігін сезбесін деп,
Басына тақиясын баса киіп.
Қалғанын жақ жүнімен жасырады,
Айласын сөйтіп Секең асырады.
Сұлуға дастарханда отырғанның,
Бәрі де бәйек болып бас ұрады.
Арудың айдай жүзі маздап отыр,
Кейкі де жанып кете жаздап отыр.
Әйтпесе «бірдеме» деп қалар ма еді,
Жанында сүйген жары – Ақжан отыр.
Қақ-сұқты Кейкі бірақ жөн көрмейді,
Ақжанға риясыз сенген дейді.
Аққудай асыл жары отырғанда,
Басқаның алтынына теңгермейді.
Есекең, осылай деп біздің қатын,
Бұрғанда әйеліне сөздің басын.
– Қайтесің, – деді мерген сөз қосарлап
Сұлуға сұмпайыны кез қылғасын!
Есім де сөзге есесін жібермеді,
Мергенді қайта-қайта дігерледі.
– Бәрібір біздің қатын мықты ғой, – деп
Сыпаттап бас-аяғын түгендеді.
Сол кезде хас мергенді ашу қысып,
Орнынан ә дегенше тұрды ұшып.
– Өзінің әлін біліп адам деген,
Тып-тыныш отырмай ма көтін қысып.
Мен сенің көне алмаймын, ырбаңыңа,
Марапат мақтаншылық құрғаныңа.
Қатының қанша сұлу болса-дағы,
Ақжанның татымайды тырнағына.
Әр істің сөйлесеңші парқын біліп,
Ойың бар сөз асырмақ жақын жүріп.
Болмаса, сен залымның көзін құртып,
Алайын қатын үсті қатын қылып.
Не ойың менен мықты атанғанда,
Кезіктің мен сияқты қатал жанға.
Шық бері үйден тысқа жылдамырақ,
Жаныңды жіберейін жаһаннамға.
Қиқулап сыртта Кейкі тұрып алды,
Құрдасын батыр сөйтіп қырына алды.
Иектен бір-ақ ұрып түсіретін,
Өзіндей баяғыда «ұрыларды».
Бұл жолы тапаншасын қолына алып,
Көрмекші құрдасына «олжа» салып.
Әп-сәтте опыр-топыр болып кетті,
Әлгі үйдің айналасы толы халық.
Шықты үйден Есекең де қодырайып,
– Апыр-ай, болды-ау, – демей, мұным айып.
– Кейкінің бір мінезі жаман еді.
Десті жұрт: – Қылмаса екен қазір майып.
Бейне бір қан басқандай көзін анық.
Жайдағы әзіл-қалжың сөзі қалып.
– Сұлуды сен сорлыға қор қылғанша,
Тынайын онан-дағы өзім алып!
Деді де шүріппені қалды қысып,
Басынан тақиясы кетті ұшып.
Бірге ұшып тақиямен Есекең де,
Жалп етті етпетінен жерді құшып.
Осылай хас мергеннің «жыны» ұстады,
Қорқақтар әрмән қашып жылыстады.
Аңырап азан-қазан, у-шу болды,
Еңіреп Есекеңнің туыстары.
Аһ ұрып Есекеңнің сұлу жары,
Қиналып шығатындай шыбын жаны.
Үстіне күйеуінің құламақ боп,
Зар қағып, запыран құсып шырылдады.
Жанынан жамандықтың бұлтын көріп,
– Қатынның қырсығы, – деп, – сылқым көрік.
Түңіліп мынау істен жұрттың бәрі
Кейкіге тіл қата алмай тұр түнеріп.
Теңкиіп Есім жатыр есі кетіп,
Барады күн еңкейіп, бесін өтіп.
Кейкіден бәрі қорқып, бұғатындай,
Біреуін тастай ма деп шетінетіп.
– Ел-жұрттың жаны ашиды бәрі бұған,
Өмірдің дәмесі бар жарығынан –
Құйрықтан бір-ақ теуіп «тұр» дегенде,
Есекең атып тұрды орынынан.
– Көрдің бе, бұл шіркіннің бағы барын,
Құрдас қой, бұл жоқ болса, сағынамын.
Нанын жеп аман-есен жүре берсін,
Өлтіріп, бұл байғұсты неғыламын!
Қағынып үсті-басын Есімсейіт,
Кейкіге келе жатыр «қатты кейіп».
– Бүйткенше шынымен-ақ атсаң нетті,
Арман жоқ өз қолыңнан өлсем шейіт.
Мұндайға деген жоқпын тап боламын,
Өзімше дегенім ғой ақталамын.
Әрі қарай зәрем кетіп жатып қаппын,
Төбемді жалап өтіп атқан оғың.
Мұныңа мен емеспін сасып қалар,
Қай кезде дос көңілі ашық болар.
Бұғынып біраз уақыт жата бердім,
Секілді бас көтерсем басып қалар.
Халқыма қиын екен өлгендігім,
Осыны сездім мен де елден бұрын.
Әйтпесе, оқ тиер деп ойламадым,
Белгілі сенің маған мергендігің.
Деді де, Кейкіні кеп құшақтады,
Өзі де нағыз досқа ұсап қалды.
Екі дос осылайша ел алдында,
Көрген жан таңғалардай іс атқарды.
Сол кезде мұны естіп, мұны білген,
Кейкіні аңыз қылып айтып жүрген.
Әзілдеп атысса да, шабысса да,
Құрдасқа не жетеді ойнап-күлген.
Кейкінің құрдасына барған күні,
Мына жай шынымен-ақ таңқалдырды.
Оқ жұлып тақиясын ұшырғанда,
Есімнің аман-есен қалғандығы...
***
Атақты Жыланшықтың жағасында,
Ақкөлдің тасып құяр сағасында.
Айтады кейбір «білгіш» болжампаздар,
Кейкіні туыпты деп тап осында.
Әкесі момын адам малын баққан,
Момындар қай кезде де жұртқа жаққан.
Шешесі о да момын – көнбіс әйел,
Көтеріп құрсағынан бес ұл тапқан.
Олары – Оспан, Қосжан, Омар, Шұбар,
Тентегі ішіндегі Кейкі шығар.
Кейкіге талғағанда байғұс ана
Қасқырдың жүрегіне болған құмар.
Шешесі секем алып бірдемеден,
– Бұл бала сірә, тегін болмас, – деген.
Білген соң әйелінің жеріктігін,
Көкембай қасқыр аулап, соны жеген.
Кейкіні туған дейді қарлы қыста,
Сары аяз сақылдаған зәрлі қыста.
Соққанда екі жұма долы боран,
Үйінен шыға алмаған ешкім тысқа.
Жүре алмай желге қарсы жылқы ыққан,
Қорада сиыр қатып, қой ұйлыққан.
Шынымен жаны сірі деген екен,
Аман-сау шыққан малдың биыл қыстан.
Шын аты Кейкіміздің Нұрмағамбет,
Сол жылы жұт жұтынып болған індет.
Көктемге Көкембай да Ілікті өтер,
Бір сиыр, жалғыз атты қылып тірнек.
Қар суы көктемеде қатты саулап,
Жаз шыға табандарда шалғын қаулап.
Жақсарып күн көрісі қалған елдің,
Құс атып, жұтпа тартып, киік аулап.
Бір жаста Кейкі, әрине, жөргекте еді,
Екіге жете беріп еңбектеді.
Ал үшке келген кезде ұшып-қонып,
Лақтай тастан-тасқа елбектеді.
Төрт жаста аттың жалын тартып мініп,
Қалмады ол жортпаған жер бөктері.
Бес жаста білте мылтық қолына алып.
Үркітті аң мен құсты жер-көктегі.
Алтыда алып ұрып алысқанын,
Мерт болды білек түріп белдескені.
Сегізге серке санды атқа мініп,
Таласып ешкім оған шендеспеді.
Топ бастап тоғызында оңды-солды,
Он жаста жаумен қылыш сермескені.
Он беске Ер Кейкінің жасы келіп,
Жиылып жігіт-желең қасына еріп.
Үйінде отырғызбай ойын-сауық,
Бойдағы шыдатпады қызу желік.
Қыдырып бір күн анда, бір күн мында,
Талабы, серілік түсті сынға.
Қай жерде қызойнақ бар, той-думан бар,
Шапқылап сонда жүрді ой мен қырға.
Арындар ер талапқа етіп үміт,
Осылай күн өткізді ойнап-күліп.
Бір жолы көрші ауылға барғанында
Кезікті Амангелді деген жігіт.
Қырмұрын, дөңгелек жүз, өткір көзі,
Саңқылдап естіледі айтқан сөзі.
Шап берме, шатақ, шапшаң қимылынан.
Көрініп тұрғандай-ақ ер мінезі.
Секілді жалғыз жайсаң даладағы,
Қырандай жан-жағына қаранады.
Орысша тіл сындырған сыңайы бар,
Дәріс ап бір туыстан қаладағы.
Кейкіге қарағанда көзі ашық,
Сөйлейді білгішсініп асып-тасып.
Екеуі қияметтік дос болуға,
Серт берді қол алысып, құшақтасып.
Екеуі қайда жүрсе бірге болып,
Жасады күнде сайран, күнде жорық.
Тербетті ай астында алтыбақан.
Қыздардың ауылына түнде қонып.
Ал, күндіз аралайды ауыл, қыстақ,
Мергендік өнерлерін күнде «ұштап».
Көзіне іліккенді мүлт жібермей,
Атады бірі көздеп, бірі нұсқап.
Мәз олар аң мен құсты құлатқанға,
Кейкінің мергендігін сынатқанда
Түйенің өркешіне қонып тұрған,
Торғайды жалп еткізді бір атқанда.
Кейкіге тәнті болып Амангелді,
Екеуі аралады талай жерді.
Екі дос осылайша жүрген күнде,
Дүбірлеп бір өзгеше заман келді.
***
Басталады он алтының дүрбелеңі,
Тарихтың бұл да болса бір белеңі.
Мұны да бастан аяқ баяндадым,
Болар деп оқушыға бір керегі.
Ақ патша тасып әбден мейманасы,
Қазақтың қырына алды кең даласын.
Айдады қара жұмыс – казармаға,
Сыпырып қазақ деген ел баласын.
Алдымен әр мекеннен салды қорған,
Сол жерде көбейсін деп орыс-орман.
Аралап барлаушысын тез жіберіп,
Шұрайлы, жайлы жерден қоныс алған.
Қорқытып, кейде тіпті алдап, арбап,
Жем тастап, жарқылдатып салды қармақ.
Айрылып ата қоныс мекенінен,
Қайғырып қазақ байғұс қалды зарлап.
Қайда да көргені азап – байғұс қазақ,
Өксіді өз жерінде болып мазақ.
Жай түсіп жайбарақат жатқан елге,
Аз күнде аза тұтып – болды дозақ.
Атақты Байтұрсынның Ахметі,
Сол кезде-ақ атышулы ақын еді.
Ызыңдап «маса» болып елді оятып,
Халыққа көзіңді ашып, «оқы!» деді.
Торғайдың көкке самғап қырандары,
Бұрқанбай, буырқанбай тұра алмады.
Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!»
Деді де елді бастап ұрандады.
Халықты қинап салық, ғұшыр, зекет,
Бас салып бас көтерсе басып төпеп.
Қаймығып Кенесары әскерінен,
Арқаға талай жерден салды бекет.
Орынбор, Елек және Жаманқала
Салынды сол бір зұлмат замандарда.
Ығысты қазақ байғұс шөл далаға,
Қаруға қарсы тұрар амал бар ма?!
Салынды содан кейін Ырғыз, Торғай,
Қалың ел қарақұрым тозды бордай.
Ақ патша айласына ашық көшті,
Өлген соң Кенесары, Ер Наурызбай.
Ыдырап батырлары соңынан ерген,
Көбісі азып-тозып жолда өлген.
Солардың аман қалған жұрнағынан
Келеді өсіп-өніп екі мерген.
Қос мерген – Амангелді, Кейкіменен,
Бұл күнде амандығын ел тілеген.
Топ бастап Әбдіқапар әскер сайлап,
Қосылып жатыр бәрі еркіменен.
***
Ел іші алас-күлес, опыр-топыр.
Әркімде жүрек жара, көңіл қотыр.
Маза жоқ мырзалардың жұмысында,
Торғайға келеді деп губернатор.
Қорқады қара халық қалың қолдан,
Ұшқыны төңкерістің жалын болған.
Сан хабар саулап келіп құйылады,
– Шықты, – деп, «әні-міне Орынбордан».
Бар болса көретін көз, естір құлақ,
Көкейде айтылмаған толы сұрақ.
Төрт көше шағын Торғай қаласында,
Полиция қаптап кетті алақ-жұлақ.
Бірімен бірі салқын жүздеседі,
Белгісіз болжамының бізге есебі.
Кейбірі мылтық атып, әуре болып,
Кейбірі ит жетектеп, із кеседі.
Солдаттар сарт-сұрт ойнап мазаны алып,
Қала іші тәртіпке еніп, тазаланып.
– Келгенде губернатор тәртіп бұзған,
Аяусыз қалары хақ жазаланып!
Тарады ел ішіне деген үкім,
– Кім бұзса сол кінәлі заңның құқын.
Аттанса губернатор ырза болып,
Болғаны халыққа – құт, елге – бітім.
Жөнелтіп анда-мында шабарманды,
Осылай жалпақ елге хабарланды.
Тап-таза көңілінде қылауы жоқ,
Аңдаусыз қара халық тағы алданды.
Қала алмай Әбдіқапар бұғып төмен,
Қарады бұл қимылға күдікпенен.
Халықты патша заңы баяғыдан,
Айдаған қойдай қылып шыбықпенен.
Болып тұр мына заң да соның бірі,
Айтпаса кетер емес көңіл кірі.
Белгілі жалынсаң да жалбарынып,
Бәрібір болмайтыны жеңілдігі.
Сондықтан бір-ақ амал – қарсы күрес,
Жалынба, ата жауға жат та тірес!
Арман не, шыбын жанды қисаң-дағы.
Сол болар Азаттыққа қосқан үлес.
Күтетін заман емес қызық думан,
Айрылмай қолға ұстаған шұбар тудан.
Асығыс Әбдіқапар ақылдасты,
Ел-жұрттың басын қосып туыс-туған.
Болған соң жаны жақын дос көргенді,
Шақырды алдыменен қос мергенді.
– Қоятын күн бар ма екен, қайран дүние-ай,
Орыстың қаруынан сескенгенді!
Осы оймен хабар салып Қарсақпайға.
Құпия хат жіберді жүрмей жайға.
Доғалдан орынын да дайындады,
Жасауға шиті мылтық, садақ, найза.
Ағасы Амангелді Бектепберген,
Жасынан ұсталықты ептеп көрген
Жан-жақтан қол көмегі болар болса,
Жері жоқ күш-қайратын шектеп көрген.
Күндері қақтығыстың таяған-ды,
Қантөгіс қобалжытпас қай адамды.
Бәкеңе көмекші ғып қосып қойды,
Жас ұста, жетім бала Аяғанды.
Тамырын әр нәрсенің басып, аңдап.
Торғайды ойлары бар басып алмақ.
Өздері оқ-дәріні жасап жатыр,
«Дәбейден» көк қорғасын тасымалдап.
Жасырын жар астында ұстахана,
Талайға күні-түні болған пана.
Сарбаздар бір-бір мылтық алып жатыр.
– Құдайым, қолдай гөр, – деп, – хақ тағала!
Көбейіп Әбдіғапар айналасы,
Жасырын қалың әскер сай-саласы.
Ішінде қара да бар, төре де бар,
Демейді мынау кедей, бай баласы.
Түгендеп Әбдіғапар қыпшақ жағын,
Жасақтың жасап қойды біраз қамын.
Аз емес арасында кіші жүздер,
Шөмекей, шекті, жаппас, тама, табын.
Арғындар әзір ыңғай берер емес,
Боп жатыр арасында нелер егес.
Қорғанбек, Дәуренбектің тұқымдары,
Айтқанға алдарқатып көнер емес.
Дау-дамай арасында жанжалы көп,
Торғайдың бер жағы боп, әр жағы боп.
Ұрпағы ұмытпаған шығар әлі,
Шен алған ақ патшадан ер Жәнібек.
Жаушағар, Тоқтамыс боп, Дәуітбай боп,
Шетінен бірі би боп, бірі бай боп.
Тараған Жәнібектің балалары,
Сөйлеген сөздеріне ісі сай боп.
Өздері мекендеген Тосын жағын,
Торғайдың көк шалғынын, жасыл бағын.
Әліптің артын күтіп отыр ма екен,
Кім білсін қай жағына қосылмағын.
Бұл жағдай оларға да мәлім еді,
Самарқау Сарқопаның қалың елі.
Түрі жоқ ыңғайына көнетұғын,
Үгіттеп көргенменен әрі-бері.
Тәсілін тапты оның да Әбдіқапар,
Таппаса бұл заманның заңы қатал.
Қан төгіп, жан беретін қазақ үшін.
Торғайдан шыққан екі азамат бар
Ахмет, Міржақыппен Орынборда,
Әуелден белін буған осы жолға.
Жөнелді екеуіне деген тіл хат:
– «Тізгіні арғындардың сіздің қолда!»
Арғындар соныменен, тұра тұрсын,
Басталды қарт Торғайда сұрапыл сын.
Халық та соңынан еріп жүре берді,
Болған соң бастап шығар бір ақылшың.
Торғайға губернатор келді суыт.
Соңынан баратқандай біреу қуып
Жиылған қаралы елді қалтыратты,
Қаңтардың аязындай хабар суық.
Есімі губернатор Эверсман,
Сөздері жылпың-жылпың, сумаң-сумаң,
Халықты арыстан боп алам деді,
Ал, өзі жаралғандай түлкі-қудан.
Сөйледі алдыменен алдарқатып,
Бұрауын ішкі шектің сол тарқатып.
Қырылдап өңешінен бір үн шықты,
Тандырдай талай жылғы қалған қатып.
– Қазақтар!
Даладағы дана халқым,
Сақтаған қай кезде де дәстүр-салтын,
Кім-кім де ақ патшаның соңына ерсе,
Болады көңілі – тоқ, жүзі – жарқын.
Айтарым осы менің барлығыңа,
Құлақ түр, ақ патшаның жарлығына.
Әрине, жай-жағдайды ескереміз,
Қарасып нашарлардың зар-мұңына.
Кім салса сол жазалы іріткіні,
Байқасақ аямаймыз бүлікшіні.
Патшаның қарауында қара жұмыс –
Арасы он тоғыз бен қырық бірдің.
Құтылып кете алмайды бұдан ешкім,
Арасы ашылады қас пен достың.
Тапсырма – қатаң тәртіп болыстарға,
Бейсауат жүре алмайды бір де босқын.
Еркіндеп ен далада үйде киіз,
Бұл жаққа салмай кеттік біз де жиі із.
Жүргенде көшіп-қонып ойға-қырға,
Шыққаны айтшы кәне, сонда мүйіз.
Абайлап қара, қазақ, жан-жағыңа,
Көнбейді патша сенің жанжалыңа.
Құтылып кетемін деп ойламаңдар,
Патшаның іліккен соң қармағына...
Дегенде, Әбдіқапар ыңғайланып,
Ортаға шыға келді топты жарып.
Барды да губернатор дәл қасына,
Халыққа сөз тастады айқай салып.
– Уа, халқым!
Мұның сөзі түлкі бұлаң,
Аяғы тудыратын бір күні ылаң.
Онан да басты қосып бірігейік,
Орыстың қорқа бермей мылтығынан.
Жеңбейтін жау қалмайды тізелессе,
Құр босқа елікпейік біз елеске.
Кешегі қалмақтарды қойдай қырған,
Ұрпағы батырлардың біз емес пе?
Мынауың тақылдайды босқа тантып,
Қымбат жоқ туып-өскен елден артық.
Қор болып қара жұмыс істегенше,
Айқасып қан майданда өлген артық.
Ешкімнің айтқанына көне алмаймыз,
Алаяқ, алдампазға сене алмаймыз.
Басқаға бодан болып жүрмес үшін,
Патшаға бір де солдат бере алмаймын.
Жетеді келгеніміз көрін қыспақ,
Мен тұрмын азаттықтың жолын нұсқап.
Арманын ата-баба орындайық,
Алаштың алашұбар туын ұстап!
Айбарлы айтқан сөзге қаны тулап,
Сол кезде қалың халық кетті шулап.
Қостаған Әбдіқапар әңгімесін,
Ұрандар шығып жатты будақ-будақ.
Айтқанын Әбдіқапар әп-сәтте ұғып,
Ортаға Амангелді атын шығып.
– Өлейік атыс-шабыс ат үстінде,
Құр босқа күн көргенше қорқып, бұғып.
Басына не түссе де көретінің,
Бар болса Ер соңыма еретінің.
Айтқанын Әбдіқапар екі етпейік,
Жоқ сенің бұдан басқа сенетінің.
Дегенде, «Мен бармын!» деп Кейкі келді,
Сол сәтте-ақ хас батырдың кейпіне енді.
Көбейіп Әбдіқапар айналасы,
Қаратты қаумалаған қалың елді.
Бір дауыл дүрліккендей қалың елде,
Дауыстар үдей түсті: «Мен де! Мен де!»
Шегінді үрейі ұшып Эверсман,
Соңынан жиылған жұрт ермегенге.
Тілмаш та түсі қашып тақылдап тұр,
Жандарал дәл жанында мақұлдап тұр.
Айнала қалың жиын өртке айналып,
Жалыны жан-жағынан лапылдап тұр.
Торғайдың томпаң қағып ұлықтары,
Жанына жан адамды жуытпады.
Полицей жарты қадам аттатпайды,
Қолында сарт-сұрт етіп қылыштары.
Кейбірі тапаншасын аспанға атып,
Халықты қорқытады шапшаңдатып.
Тобырдың қалың жиын топалаңы,
Жіберді Торғай үстін ақ шаңдатып.
Солдаттар бірін ұрып, бірін қуып,
Ұлыққа келе алмады ешкім жуық.
Сол күні губернатор Орынборға,
Қарамай алды-артына тартты суыт.
Жиылып басын қосып жүздеп, мыңдап,
Айқасқа кіріспекке енді шындап.
«Қырғыздар көтеріліс жасап жатыр...»
Дегендей Петерборға жетті тілхат.
***
Білгенге өткен күннің бәрі елес,
Болашақ әлі ешкімге мәлім емес.
Торғайда бетке ұстардың бәрін жиып,
Өткізді Әбдіқапар үлкен кеңес.
Бас қосты үйінде олар Байқадамның,
Бұның да мәні бөлек байқағанның.
Бәріне туатындай көрінеді,
Есесін кеткен кектің қайтарар күн.
Байқадам әрі тілмаш, әрі песір.
Еңбегі жанған жігіт кетпей есіл.
Халыққа қалқан болып, елге тұтқа,
Жүреді панасында жетім-жесір.
Ер Нияз арғы атасы – заты қыпшақ,
Қалған бір Қаралдыдан алтын пұшпақ.
Бай демей, кедей демей екі жақтың
Тізгінін келе жатыр қатар ұстап.
Елдегі жақсыларды ардақ тұтып,
Жүргені бірде ұтылып, бірде ұтып.
Бүгін де үлкен іске кіріскендей
Қой сойып, қол қусырып, қонақ күтіп.
Дәл бүгін Әбдіқапар бас қонағы.
Қасында қошеметпен басқалары.
Өзінше телі-тентек боп жүргендер,
Сұсынан Әбекеңнің жасқанады.
Әбекең отырғандай алтын тақта,
Кеңесті көп тоқталып біраз бапқа.
Қасынан қапталдасып қалар емес,
Кейкі мен Амангелді екі жақта.
Болғандай бірі – пана, бірі – қорған,
Келсе де құтылғандай қандай зордан.
Қаумалап үлкен-кіші отыр бүгін.
Бейне бір айналасы қалың орман.
Жиылып жан-жағына өңшең ірі,
Қарағай, қайың болар енді бірі
Жалғады күнді түнге, түнді күнге,
Айтылып бостандықтың ән мен жыры.
Халқына Әбдіқапар ұнаған жан,
Дәл бүгін біразынан сынақ алған.
Төкенің Кәкімбегі келіп отыр,
Торғайдан он шақырым – Шұбалаңнан.
Қасында Қанапия Қойдосұлы,
Мерген мен Қырықмылтық сай нәсілі.
Жолына Бостандықтың жоспар жасап,
Айтылды әңгіменің жөн-жосығы.
Сұрасып амандығын, мал-жанына,
Талайдың көңіл бөлді хал-жайына.
Жаратпай Әбдіқапар қарап қойды,
Қара сұр Қарабайдың Әлжанына.
Біраз жай осы арада шешілмекке,
Серттесіп, өлшеп-пісіп, кесілмекке.
Қасынан Амангелді қосын тігіп,
Келіпті Бектепберген, Көшімбек те.
Қанатын қағып кейде еркін құстай,
Қырандай маңғаз қарап, аспай-саспай.
Шырайлы шымыр тұлға мына кісі,
Кейкінің қасындағы Ер Қылышбай.
Ақындар бір сілтесе тым ұзаққа,
Шабады, кім шығарар мұны жоққа.
Қиссасын қырық үзіп айтқан шығар,
Уақтың Жұмабайы күн ұзаққа.
Өнердің шалқығандай шабыт айы,
Ақынның көрген емес бағы тайып.
Шырқайды ол аз десең таңға дейін,
Тұрлығұл Нұртазаның Әбіқайы.
Талмайды сайраса да бір таңға олар,
Қосылып ән шырқаса жұрт таңғалар.
Он үшке толған биыл екеуі де,
Қос шәкірт Ахметхан, Нұрхан да бар.
Шарлады асқақ әуен алыс қырды,
Айтыспен ақындарды жарыстырды.
Ұяңдау жас жігітті Амангелді:
– Мұнымыз Сәт ақын! – деп таныстырды.
Осылай қанық болып ән мен жырға,
Қонақтар шер толқытып, қанды сырға.
Әдейі басын қосып отыр бүгін,
Наркескен ер жігіттер, бір-бір тұлға.
Шығарар осылар ғой алаш атын,
Халқының қадірі мен парасатын.
Оқыды Әбдіқапар Орынбордан
Ахмет, Міржақыптың жазған хатын.
– Берілмей арзан күлкі, қылжаққа көп,
Бас қосып, шын харакет қылмақ керек.
Айтыпты ұран сөзін ұлағатты:
– Әзірлен, қамдан, халқым, құр жатпа! – деп.
Бұл хаттың әрбір жолы беріп қуат,
Көңілге құйғандай-ақ алтын шуақ.
Аз емес ғибраты түсінгенге,
Бар болса көретін көз, тыңдар құлақ.
Гулесіп азаматтар көшкен елдей,
Ағызды сөздің майын аққан селдей.
– Әттең-ай! – деді сонда Әбдіқапар,
– Әліби қалған екен нағып келмей?!
Деді де, Байқадамға бір қарады,
Байқадам мұны біліп мұңданады.
– Көп болды Мәскеу жаққа кеткеніне,
Жоқ содан әлі күнге бір хабары.
Әліби Байқадамға туыс еді,
Әуелден бір-біріне жуыс еді.
Бір көріп Әлібиді пікірлесу,
Ойға алған Әбекеңнің жұмысы еді.
– Сол ағаң, – деді Әбекең, – айтшы өзің,
Мысықтай байқатпайды басқан ізін.
Анау жыл ақ патшаның «жансызы» боп,
Аралап қайтқан жоқ па жердің жүзін.
Жағалап Мәскеу жақты енді бүгін,
Жүр дейді жылмаңдатып қызыл тілін.
– Байқадам, байқа! – деді, – туыссың ғой,
Сонда да мен білемін оның сырын.
Дегендей Әбдіқапар, біліп, ұғын
Байқатып қойды сырдың бір ұшығын.
– Ал, енді айтарымыз басқа әңгіме,
Алайық әскер жайын шешіп бүгін.
Заман тұр алдымызда алмағайып,
Ел қамын ерте тұрып қолға алайық.
Аралап ауылдарды әскер жиып,
Жолына азаттықтың қамданайық.
Қайдауыл, Қараторғай, Аққұм, Тосын,
Бұрыңдар солай қарай аттың басын.
Қарайлап, аянатын ештеңе жоқ,
Құдайым талайлы іске тап қылғасын.
Арасы Қызылқозы – Ақшығанақ,
Тұрғандай әр ауылдан бақ сығалап.
Мінер ат, киер киім бәрі қажет,
Ыңғайлы қолға ұстайтын қару-жарақ.
Кез емес қорқып, қашып, жасқанатын,
Ешкім жоқ үлес қоспай бос қалатын.
Қалың ел ұзын аққан Торғай бойы,
Бастауы Ұлытаудан басталатын.
Сол жерге жіберіңдер бір-бір жігіт,
Жүргізсін жағдай жайлы әңгіме, үгіт.
Қыс болса қалың әскер киінетін,
Жинаңдар тері терсек, жүн мен түбіт
Бәрінде жауынгерге жаратамыз,
Әскерге киім-кешек таратамыз.
Бәлшебек пәле болып жабыспаса,
Бәрін де өзімізге қаратамыз.
Партия – ол біздікі – аты «Алаш»,
Аз емес олар жайлы дау мен талас.
Қызылкөз – қызылдарды қолдадың деп,
Міржақып Әлібимен болған араз.
– Бұл жайдың кім біледі арғы жағын,
Қолдайды Міржақыпты арғын қалың, –
Дегенде Амангелді, Әбдіқапар:
– Ар жағын айтпасаң да маған мәлім.
– Орта жүз бір туысқан Арғын, Қыпшақ,
Жүретін қонысы бір жайлап, қыстап.
«Бөрі жер бөлінгенді» деген сөз бар,
Бұл сөздің мәні бөлек дұрыс ұқсақ
Бөлінсек шықпас біздің жақсы атымыз,
Азаттық – алдағы арман-мақсатымыз.
Ақылмен алты алаштың басын қосқан,
Ахмет, Міржақыптар – көш басымыз.
Алыңдар алдыменен осыны ұғып,
Ой қозғап, пікір жалғап, қосып үміт
Дұшпан көп, жау жоқ деме – жар астында,
Жүреді жолын тауып жасырынып.
– Оның да ел-жұрты бар соңына ерген,
Аралап талай жерді көзі көрген.
Деген-ді Амангелді: – Бәлшебек ше? –
Әліби жүрмек соның жолыменен.
– Сақталсын десең егер салт пен дәстүр, –
Нақ сөзін Әбдіқапар айтты қатқыл:
– Бәлшебек бізге жолдас бола алмайды,
Ол да бір – қызыл ішік киген қасқыр!
***
...Болған соң Әбдіқапар хан сайланып,
Халқына әңгіме айтты қанша ойланып.
Қоршаған қалың елі айналасын,
Үстінде ақ кигіздің оңтайланып.
Қос батыр қатарласып екі жақтан,
Әбекең орын алған алтын тақтан.
Ұйытып үлкенді де, кішіні де,
Үміттің кеудедегі отын жаққан.
Қалың ел жан-жағына қапталдасып,
Отырған үнсіз-түнсіз құлақ тосып.
Ойында әрбірінің он сан пікір,
Ханымыз айтады деп қандай жосық.
– Уа, халқым! – деді сонда Әбдіғапар,
Алқалы қалың топқа қатар-қатар.
Халқымда бар екенін білесіңдер,
«Тірлік жоқ – бірлік болмай!» – деген мақал.
Сондықтан кезің келді басың қосар,
Сырласар, сұхбаттасар, ақылдасар.
Кез келді бұрынғыдай бұға бермей,
Тіресіп, тайталасып, тақымдасар.
Күн туды басымызға майдандаған,
Жан бар ма тағдыры оққа байланбаған.
Тал түсте тас төбеден түскендей-ақ,
Хабары ақ патшаның жайдан жаман.
Тағы да тажал төнді қазағыма,
Қашанда қазақ байғұс жазалы ма?
Қазақтан әскер жинап, зорлық жасап,
Салмақшы қара жұмыс азабына.
Біз тағы тұра алмаспыз бұған көніп,
Қалғанша күресіміз қайрат кеміп.
Жанында жарылқаушы жан бардай
Келіппіз бұған дейін босқа сеніп.
Қайдасың, мерген Кейкі, Амангелі,
Аралап келдіндер ме тәмам жерді.
Айқасып ақ патшаның әскеріне
Шығатын мезгіл келді буып белді.
Саңқ етіп шықты Кейкі бір бүйірден,
Қабағы хас мергеннің шарт түйілген.
– Басына қазағымның күн түскенде,
Қалайша жата аламын шықпай үйден.
Қасымда Амангелді хас батырым,
Бұл іске бағыт беріп, қосты ақылын.
Майданға күні бүгін аттанбақшы,
Қалдырып бала-шаға, жас қатынын.
Соңымнан еретұғын кім бар тағы?! –
Деп Кейкі көпшілікке тіл қатады.
– Қаймана әлдекімдер қол көтерсе,
Сонда кім көз жасыңды құрғатады!
Шуылдап кетті сонда тұрған халық,
– Шығамыз, – деді бәрі, – қару алып.
Жетелеп бірі баспақ, бірі қойын,
Қол жайды бата тілеп, құрбан шалып.
Сол сәтте бір ақсақал берді бата,
Мақамдап зор дауысын бір тіл қата.
Қауышып, құшақтасып, ойнап-күліп,
Тарады үйді-үйіне ел күн бата.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter