Поэмалар ✍️
КЕЙКІ БАТЫР
Бастайын «бисмилла» деп сөздің басын,
Тағдырым таланыма кез қылғасын.
Жазайын ақиқаттың сиясымен,
Қаламға қоса құйып көздің жасын.
Саралап адамзаттың дос пен қасын,
Аралап туған дала тау мен тасын.
Даралап ерлігі мен еткен ісін,
Айтайын Кейкі батыр хикаясын.
Байын да, батырын да, өңгесін де,
Бөлмеген періштесін, пендесін де.
Тарихтың хатталмаған парақтары,
Ғасырдың қалып қойған көмбесінде.
Соларды айту маған болған міндет,
Сол үшін адам тегі өмір сүрмек...
Отырдым Кейіпкерге жаным ашып,
Оқушым айтпасын деп: «Мынау кім?!» деп.
Жүргендей ертегінің ішінде сен,
Болдың ба, тағы да оқы түсінбесең!
Оқушым, саған – шаттық, маған – бақыт,
Кейкінің кейпін беріп, мүсіндесем.
Аттамай ақиқаттың кермесінен,
Еледім Ер еңбегін Елге сіңген.
Кей сәтте шамырқанып, шыға шаптым,
Шабыттың қағып қойып делбесінен.
Оқушым, құр қалдырмас бұл хатымды,
Өткеріп зобалаң мен зұлматыңды.
Шым батып, шыңырауға кетіп қалған,
Шығардым жарық күнге бір Батырды.
Сұмдықты, сол баяғы сұрқиянды,
Ақынның айғақтайды бір қиялы...
Қорықпай жауға шапқан,
Қолда найза –
Атасы Қобыландының бір тұяғы!
Десек те, оны пенде жұмыр басты,
Өткізді арпалыспен ғұмыр жасты.
Бағы да, байлығы да –
Батырлығы,
Басқаның бәрі одан қырын қашты!
Ақиқат атой салды – жеңді де ақыр,
Тарихтың таңбасындай – белгі жатыр.
Кененің кегін қуып,
Шейіт болған –
Қазақта осы шығар соңғы Батыр.
Болашақ болса еңбекті бағалар шын,
Танытар әлі талай дана халқым.
Аз емес, өзек тілген өкінішім,
Оқушым өткен істен сабақ алсын!
Болғанда қиын асу, терең өткел,
Ел-халқым Ер ісіне елең еткен...
Қазақта Батыр көп қой... десек-тағы,
Кейкідей сирек туар Кереметтер!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter